Хабарламада атап көрсетілгеніндей, қазіргі жағдаймен АҚШ елшілігі еліміздің шекара және кеден қызметтеріне 134 автокөлік табыс етті. Экспорттық бақылау және шекаралардағы қауіпсіздік бағдарламасы (EXBS) аясында елшілік сондай-ақ, Қазақстанға жоғары жиілікте жұмыс істейтін 384 радиостанция мен қосалқы жабдықтарды табыс етті. Елшілік пен еліміздің шекара және кеден қызметтері мыңнан астам адамды аталмыш жабдықтармен жұмыс істеуге оқытты.
2004-жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында АҚШ елшілігі еліміздің 10 кеден бекетінде Рапсикан атты рентген-телевизиялық 10 жүйені орнатты. Бұл рентген-жүйелер Ресей, ҚХР, Қырғызстан және Өзбекстанмен арадағы мемлекеттік шекара өткелектерінде, сондай-ақ, Ақтау теңіз айлағы мен Астана халықаралық әуежайында орнатылды. Бұған қоса ҚР ҰҚК-нің Шекара қызметіне әскери бөлімшелерді шалғай аудандарда орналастыруға арналған 12 модульдық үй берілді. Осындай бір модульдық үйді ҚР Кедендік бақылау агенттігіне беруге ұйғарым жасалды. Бүгінге дейін Экспорттық бақылау және шекаралардағы қауіпсіздік бағдарламасы (EXBS) аясында Қазақстанға 6,5 млн. доллардың жабдықтары берілді.