«Дағдарыс белең алған жағдайда аумақты басқару мүмкін болмай қалды.. Атқарушы биліктің құрылымы іс жүзінде дәрменсіз болып шықты»,- деп мәлімдеді кеше мәжілістің жалпы отырысында депутат Серік Әбдірахманов Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында болған оқиғаларға қатысты өз әріптестеріне арнаған сөзінде. «Ата заңда президент пен үкіметтің өкілі деп жарияланған аудан әкімі іс жүзінде өзіне сеніп тапсырылған аумақта мемлекеттік мекемелердің күш-жігерін үйлестіру уәкіліттелігіне ие болмай шықты»,- деді депутат. «Бір сөзбен айтқанда нақты биліктің шектен тыс орталықтандырылуы жергілікті жерлерде биліксіз қалуға алып келді»,- деді С.Әбдірахманов.
Сонымен бірге С.Әбдірахмановтың депутаттарға хабарлауынша, Қазаткомда «қантөгіс» болмай тұрып -ақ жаңжалдасушы тараптар құқық қорғау органдарына олардың заңды құқықтарын қорғауға шара қолдану және келесі жақтың заңсыз әрекеттерінің алдын алу жөнінде бірнеше мәрте шағымданған. Алайда бұл өтініштер «қараусыз қалған».
Мәселен, С.Әбдірахмановтың ақпаратына сәйкес, «қайғылы оқиғаның алдындағы күндері ағалы-інілі Махмахановтардың ішіндегі үлкендерінің бірі аудандық ІІБ бастығына шағымданып, өзінің отбасы мүшелеріне шабуыл жасалуы мүмкін екендігін хабарлаған». Бұл жайттан Еңбекшіқазақ ауданының әкімі де хабардар болған, ол аудандық ІІБ бастығына мәліметтердің ақиқаттығын тексеруді тапсырған. Алайда, депутаттың айтуынша, 16-наурызда полицияның басшылығы «оқиға бақылауда, ақпаратқа негіз жоқ», деп хабар берген.
«Құқық қорғау мекемелеріне сенетіндер некен-саяқ… — деп мәлімдеді депутат. -Бүгінде биліктің тұтқасын ұстағандар, погоны барлар мен судьяның шапанын киген адамдар біртұтас қылмыстық тізбекке біріккен… Көптеген салалардағы көлеңкелі бизнес күш құрылымдарының «қанатының астында» гүлденіп отыр». С.Әбдірахмановтың мәлімдеуінше, «погон тағынған жемқорлар көз алдап әбден машықтанған». «Кейінгі кездері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған әрбір жаңа бағдарлама мен науқан күш құрылымдарының бір-бірін әшкерелеуіне әкеп тіреуде, ал оның негізінде олардың басшыларының коммерциялық мүдделері жатыр»,- деп пайымдайды халық қалаулысы.
Депутат сонымен қатар Маловодное ауылында адамдардың оған шенеуніктер, генералдар, прокурорлар мен судьялардың Алатау баурайында қандай «хан сарайларын салып жатқаны» жайлы әңгімелеп берген. «Осы шенеуніктер мен генералдардың өз кедей туыстарынан, мүмкін тіпті баспанасыз қаңғыбастардан жалға алған сарайларда тұрып жатқандығына, олардың қағаз-құжаттарында ешбір қылау жоқ тазалығына шәк келтірмеймін. Бірақ осынау погон тағынған бауырлар мынаны түсінуі керек: халық бәр нәрсені қағазға қарап емес, өмірде көргендері мен түйгендеріне қарап бағалайды»,- деді С.Әбдірахманов.
«Осының бәрі біріге келе билікке деген сенімсіздік тудырып, адамдардың ашу-ызасы мен заҺарын шақырады. Қазаткомда тобырдың төбелеске шығуына себеп болған басты себептерінің бірі осы»,- деді депутат.
С.Әбдірахманов Кеңестер одағының тұсында да осындай шиеленістердің болғанын еске салды. Алайда, «мемлекеттік машина тәртіпті тез арада қалпына келтіретін», деді ол. «Адамдар биліктен қорқатын, билікті сыйлайтын, халықтың басым бөлігі оның әділеттілігіне сенетін. Оған қоса аса қуатты идеология болды»,- деді депутат. «Ал біз болсақ күшті мемлекеттік идеология қажет деп бірнеше жылдан бері айтумен келеміз. Біздің бас идеологыыздың қарымы болса бюджет қаржысы мен жиіліктерді бөлуге, эфир уақытын сануға және өзіне жақпайтын БАҚ-тармен соғысқа ғана әрең жетіп отыр»,- деді мәжіліс депутаты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті