«Дүниежүзінде төртінші орындағы ядролық қарудан бас тарту арқылы және Семей сынақ полигонын жабу арқылы Қазақстанның басшылығы саяси табандылық пен көрегендік танытып, әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдайтынын паш етті»,- деп мәлімдеді Р.Лугар Вашингтонда кеше осы елге сапармен келген ҚР СІМ Марат Тәжинмен кездесуде.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ықпалды республикашы сенатор Р.Лугармен кездесуде қару таратпау және қауіпсіздік саласындағы аймақтық және ғаламдық ынтымақтастыққа қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Өз кезегінде Қазақстан дипломатиясының жетекшісі бүгінде ядролық қаруға ие болуға талпынып отырған басқа мемлекеттер үшін Қазақстан үлгісінің өзектілігін атап өтті.
АҚШ сенаторы Нанн-Лугар бағдарламасы аясындағы екі жақты ынтымақтастықтың «халықты жаппай қырып жоятын қаруды таратпау саласындағы табысты ынтымақтастықтың айқын үлгісі» екенін атап өтті.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарламасында айтылғанындай, М.Тәжин сенат қабылдаған резолюцияда Қазақстанның қару таратпау саласындағы күш-жігеріне жоғары баға берілуіне байланысты ризашылық білдірді. «Азаматтық ядролық энергетиканы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің тиісті халықаралық бақылауы аясында дамыту құқығын мойындай отырып, Қазақстан жетекші елдердің қару таратпау саласындағы ұстанымын қолдайды»,- делінген хабарламада.
М.Тәжин сұхбаттасын Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуынан хабардар етумен бірге Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасына қатысты өз ой-пікірімен бөлісті. Ол Қазақстандағы демократиялық процестердің тұрақты сипақта көшкенін атап өтті.
Сол күні М.Тәжин сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісінің міндетін атқарушы Стивен Маннмен кездесті. Онда дипломаттар Қазақстан мемлекет басшысының 2006-жылғы қыркүйек айында осы елге сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жайын, соның ішінде энергетикалық диалог пен экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыру мәселелерін талқылады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «ҚР СІМ-нің АҚШ сапары одан әрі жалғасуда, бағдарламаға сәйкес бірқатар екі жақты кездесулер, сондай-ақ, Вашингтонның саяси бетке ұстарларының алдында «Өзгере түскен әлемдегі Қазақстан» тақырыбында сөз сөйлеуі жоспарланған».
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті