«Корпорация қаражаты есебінен тұрақтандыру қорларына 176 мың тонна бидай сатып алынған», — деп хабарлады Р. Әзімов.
Оның берген мәліметтеріне сүйенсек, «Қостанай және Ақтөбе облыстарының әкімшіліктері тұрақтандыру қорларын өз беттерімен құрған. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорларының көлемінен бөлек Алматы әкімшілігінің сұрауы бойынша ай сайын 10 мың тонна бидай жеткізіледі». Оңтүстік Қазақстан облысына корпорация 12,5 мың тонна бидай жеткізді. Астанаға 20 мың тонна бидай әкелінді. Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарына 2007 жылдың төртінші тоқсанында 4,3 мың тонна ұн жіберілген.
«Астық пен ұн бұдан әрі қарай да жеткізіліп тұратын болады. Ол ұн мен нанның бағасын тұрақтандыруға септігін тигізеді», — деп атап көрсетті Р. Әзімов.
Ол сондай-ақ, 2007 жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 1,2 млн тонна астық сатып алғанын, оның 344 мың тонна бидайы мемлекеттік қорды жаңарту үшін жұмсалғанын атап көрсетті.
2007 жылы Корпорация астық өнеркәсібіне 39 млрд теңгеден астам инвестиция салған. Оның 6,2 млрд теңгесі бюджеттік қаражат болса, қалғаны банктердің несиесі мен өзіндік қаражат болып табылады.
Сонымен бірге, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы егіс жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген қарызды да береді. 2007 жылы қарыз көлемі 10,3 млрд теңгені құраған. 2008 жылы қарыз мөлшері тағы 600 млн теңгеге өсірілмек.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті