Ғарыштық қызметті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама тиімсіз жүзеге асырылды - Есеп комитеті - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ғарыштық қызметті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама тиімсіз жүзеге асырылды - Есеп комитеті

Ғарыштық қызметті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама тиімсіз жүзеге асырылды - Есеп комитеті

Астана. 31 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - "Қазақстан Республикасында ғарыштық қызметті дамыту жөніндегі 2005 - 2007 жылдарға арналған" мемлекеттік бағдарлама тиімсіз жүзеге асырылды, деп хабарлайды агенттік Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 31 Қаңтар 2008
  • 486
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында 16 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланған. Бақылау қорытындысы бойынша 1,2 млрд астам теңге қайтарылды.

Есеп комитетінің мәліметінше, ғарыштық техникалар мен технологияларды жасау және пайдалану процессін реттейтін мемлекеттік стандарттер мен нормативтер жасалмаған.

«Соның нәтижесінде атқаруға қабылданған «МИГ-З1Д» ұшағының негізінде «Есіл» зымыран-ғарыштық кешені мен «Сары-Шаған» командалық-өлшем кешендерін құру жобалары жабылған. Бюджет шығыны 2,8 млрд теңгеден асады», -деп хабарлайды мекеменің баспасөз қызметі.

Бұған қоса, мекеме мәліметінше, көп функциялы дербес жер серігі байланысының жүйесін құру жобасы Ресейдің техникалық тұғыда ескіріп қалған «Гонец» жүйесінің негізінде жасалған. Артынан жобаны жұмыс істеп тұрған «Orbcomm» жүйесімен интеграциялауға тура келген. Алайда, бұл шаралар да жобаны уақытында жүзеге асыруды қамтамасыз ете алмады. Бюджетті тиімсіз пайдалану шығындары осыған байланысты 504 млн теңгені құрады.

Есеп комитетінің мәліметінше, «Бәйтерек» зымыран-ғарыштық ұшырылым кешенін салуға 12,6 млрд теңге көлемінде бюджет несиесі бөлінген. Бұл қаржы небәрі 7,1% игерілген. Зымыран-ғарыштық кешенінің орнына бөлінген аумаққа қоршау ғана тұрғызылып, басқа да болымсыз жұмыстар атқарылған.

«11,7 млрд теңге көлемінде қалған қаржы 2005 жылдан бері «Қазақстан Даму банкі» АҚ-ның корреспонденттік есепшотында жатыр. Бұл жобаның шамамен 1 млрд теңгеге қымбаттауына алып келді», — деп хабарладйы Есеп комитетіндегілер.

Есеп комитетінің бағалауынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы ғарыштық қызмет саласындағы үкіметаралық келісімдер дер кезінде жасалынбаған. Соның салдарынан Байқоңыр ғарыш айлағында Қазақстанның жер үсті ғарыштық нысандарын салуға жер бөлу мәселелері шешілмеген, сондай-ақ, 2007 жылға жоспарланған Халықаралық ғарыш станциясының бортында жүргізілуге тиіс зерттеулер мен сынақтар іске асырылмаған. Ал осы бағдарламаға 450 млн теңге жұмсалған.

Бұған қоса, Есеп комитеті сарапшыларының пікірінше, бағдарламаны жасаған кезде ғарыштық қызметті дамыту стратегиясы мен тұжырымдамасы, жобалардың экономикалық және техникалық негіздемелері болмаған. Бұған қоса, Есеп комитеті бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті кәсіби мамандардың тапшығын атап көрсетеді.

«Бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты 16 мемлекеттік органның тек үшеуі ғана мемлекеттік бағдарлама шараларын жүзеге асырған», -дейді баспасөз қызметі.

Сөйтіп, Есеп комитетінің қорытындылауынша, мемлекеттік бағдарламада қарастырылған 62,8 млрд теңгенің іс жүзінде 28,9 млрд теңгесі ғана бөлігіп игерілген.

Осыған байланысты Есеп комитеті үкіметке ғарыш саласын дамыту стратегиясының жобасын жасап, Қазақстан мен Ресейдің тиісті үкіметаралық келісімдеріне тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізуді ұсынады. Комитет ғарыштық қызмет саласындағы нормативтік- құқықтық базаны жетілдіруді,бағдарламаны жүзеге асыру барысында жол берілген кемшіліктерді жоюды ұсынады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті