"Қазақстанда 80 мыңға жуық ресейлік тұрады": Ресейлік БАҚ еліміз туралы не жазуда? - kaz.caravan.kz
  • $ 464.02
  • 536.18
+37 °C
Алматы
2026 Жыл
28 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазақстанда 80 мыңға жуық ресейлік тұрады": Ресейлік БАҚ еліміз туралы не жазуда?

"Қазақстанда 80 мыңға жуық ресейлік тұрады": Ресейлік БАҚ еліміз туралы не жазуда?

Ресейлік БАҚ өкілдері мен басылымдары Қазақстан туралы не жазуда?

  • 28 Тамыз
  • 1
Фото - Жасанды интеллект

Caravan.kz медиа порталының тілшісі көрші елдің БАҚ беттеріне шолу жасап көрді.

Татарлар мен қазақтардың мәдениетінің тарихы ортақ — Татарстан президенті

Татарстан басшысы Рустам Минниханов жұмыс сапарымен Петропавл қаласына барып, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті.

Бұл туралы Татар-информ порталы жазды.

Татарстан басшысы өңірлер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін әкімге алғыс айтты. Ол өткен жылы тараптар арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын және Татарстанда Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Минниханов Қазақстан тарапының ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтауға ерекше мән беретінін атап өтті. Сапар барысында ол Петропавлдағы ең көне мешіттердің бірі – «Дін-Мұхаммед» мешітіне және Мағжан Жұмабаев атындағы орталыққа барды.

«Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылық жолы Қазан қаласымен де байланысты. Оның алғашқы «Шолпан» атты өлеңдер жинағы дәл осы қалада жарық көрген. Бұл татар және қазақ халықтары мәдениетінің ортақ тарихи тамыры бар екенін және олардың ондаған жылдар бойы бір-бірінің мәдениетін байытып келе жатқанын көрсетеді», – деді Рустам Минниханов.

Ол Петропавлда татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың бюстін орнату туралы шешімге алғыс білдірді. Миннихановтың айтуынша, ескерткіштің ашылуы екі халықтың көрнекті тұлғаларына деген өзара құрметтің қалыптасқан дәстүрінің жалғасы.

Өз кезегінде Қазан қаласында Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылған. Сондай-ақ қалада Абай атындағы Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді.

Минниханов Татарстанның Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Өткен жылы Татарстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 946 миллион долларға жеткен.

Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары Ресейге бензин жеткізуден бас тартты — Nsn.fm

Қазақстандағы ірі мұнай өңдеу зауыттары Ресейге бензин жеткізу үшін бөлінген квотадан бас тартты.

Қазақстан Энергетика министрлігі шілде айында елдегі қуаты жөнінен екінші орында тұрған Павлодар мұнай-химия зауытына Ресей нарығына 17,5 мың тонна АИ-92 маркалы бензин экспорттауға рұқсат берген. Осындай квота тамыз айында Атырау мұнай өңдеу зауытына да берілген.

Алайда аталған зауыттардың мұнай өнімдерін иеленушілері бензинді Ресейге экспорттауды жоспарлап отырған жоқ. Бұған ресейлік банктер арқылы төлем жасаудағы қиындықтар және Батыс санкцияларына ілігу қаупі себеп ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар Қазақстанның өзінде де мотор отыны тапшылығы байқалады. Бұған маусымдық сұраныстың артуы әсер етіп отыр.

Ресейге бензин жеткізуге келіскен Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын – шағын «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты. Тамыз айында зауыт теміржол арқылы Ресей мұнайының алғашқы 4,1 мың тонна көлеміндегі партиясын алған. Бұған дейін кәсіпорын шикізатты «Татнефть» компаниясынан сатып алған.

Қазақстанда 80 мыңға дейін ресейлік азамат тұрады — Медуза

Қазақстан соғысқа қарсы көзқарастағы ресейліктер үшін эмиграцияға шығатын ең танымал бағыттардың біріне айналды.

Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейінгі алғашқы апталарда Қазақстанға 400 мыңнан астам ресейлік азамат келген. Бұған бірнеше себеп бар: Қазақстанға шетелдік паспортсыз кіруге болады, елде орыс тілінде еркін сөйлесуге мүмкіндік бар және мұнда заңды мәртебе алу салыстырмалы түрде оңай.

2022 жылы Қазақстанға келген ресейліктердің көпшілігі кейін елден кеткенімен, олардың арасында Қазақстанда тұрақтап қалғандар да бар.

Қазір Қазақстанда сол жылы келген 80 мыңға дейін ресейлік азамат әлі де тұрып жатқаны айтылады.

35 жасар веб-дизайнер Константин ресейлік сайтқа сұхбат беріп, елге келу себебін түсіндіріп берді.

«Басты мақсатым – Қазақстанда тұруға ықтияр хат алу. Осылайша отбасыммен елде толыққанды өмір сүріп, жыл сайын уақытша тұруды ұзартумен әуре болмас едік. Банктердің қызметтерін еш шектеусіз пайдаланып, болашақта көлік алғым келеді.

Қазір Астана, Алматы және басқа да бірқатар өңірлерде шетелдіктерге ВНЖ берілмейді дегенді жиі естимін. Алайда оны алудың басқа да жолдары бар. Мысалы, Қазақстан үшін құнды маман ретінде ықтиярхат алуға болады. Мен осы жерде алған мамандығым тиісті тізімге кіреді. Сондықтан құжат тапсырып көремін.

Әрине, әйелім екеуміз бір күні теңіз жағасындағы тыныш елде өмір сүруді армандаймыз. Мысалы, Италияда немесе Португалияда. Бірақ мен Ресейге қайтуды мүлдем ойламаймын.

Мен сағынатын бұрынғы Ресей де, бұрынғы Мәскеу де енді жоқ. Олар 2021 жылы қалып қойды», — деді Константин.