"Шығыстарды оңтайландыру жүргізілді. Бұл ретте бюджет жобасы Үкіметтің алдына қойылған барлық міндеттердің іске асырылуын қамтамасыз етеді. Шығыстардың әлеуметтік бағытын нығайту арқылы адами капиталды дамыту жалғасатын болады. Бұл орайда бұрын алынған міндеттемелердің барлығы орындалады", — деп баяндады Сұлтанов үкімет отырысында.
Оның айтуынша, республикалық бюджет шығыстары 2018 жылы 9 217,9 млрд. теңгені құрайды. Ол биылғы жылдың жоспарына қарағанда 134,6 миллиард теңгеге өскен.
"Шығыстар құрылымындағы ең үлкен үлес немесе 44,5% әлеуметтік сектор шығыстарына тиесілі. Биылғы жылмен салыстырғанда 400 миллиард теңгеден аса өсті. Өсудің негізгі құрамдасы зейнетақылар мен бала туғанда берілетін жәрдемақылар мөлшерінің ұлғаюы болып табылады. Мәселен, 2018 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс құрылымы мен зейнетақы тағайындау тәртібін қайта қарау жоспарланып отыр", — деп атап өтті министр.
Ал экономиканың нақты секторын дамытуға 2018 жылы 1,4 трлн теңге көзделген. Биылғы жылмен салыстырғанда шығыстар көлемінің азаюы екі негізгі факторға байланысты болды.
"Біріншіден, бағдарламаларды қаржыландыру көздерінің Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттен мұнайлық емес кірістерге өзгертілді, яғни келесі жылдары республикалық бюджеттің көздерінен қаржыландырылатын болады. Екіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ағымдағы және келесі жылдың бюджет қаражатын игеру болжамдары есепке алынды", — деді ол.
"Нұрлы Жол" бағдарламасын жалғастыруға 512,6 млрд. теңге, оның ішінде 2018 жылға 243,3 млрд. теңге қаражат көзделген.
"Нұрлы Жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасына 208,8 млрд. теңге, оның ішінде 2018 жылы 125,2 млрд. теңге бағыттау ұсынылып отыр.