АЭС қазаққа керек екеніне дау жоқ. Өкініп қалмаймыз ба деген қорқыныш бар - сарапшы - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
АЭС қазаққа керек екеніне дау жоқ. Өкініп қалмаймыз ба деген қорқыныш бар - сарапшы

АЭС қазаққа керек екеніне дау жоқ. Өкініп қалмаймыз ба деген қорқыныш бар - сарапшы

Энергоқауіпсіздігін қымтап жатқан Қытай осы жолда үлгі бола алады.

  • 12 Маусым
  • 25
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанға қандай форматтағы АЭС керек? Бұл сұраққа белгілі қаржы маманы Айбар Олжаев жауап берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Шыңжаңда биыл әлемдегі ең үлкен күн электростанциясы ашылды. Оның қуаты 5000 Мвт. Қазақстан АЭС саламын дегенде 1200 Мвт қуаты бар екі реактор қойып, АЭС-тен 2400 Мвт қуат аламыз деп болжап отыр. Сонда Шыңжандағы бір күн электростанциясы біздегі Балқаш АЭС-інен екі есе көп электр өндірмек. Бірақ Қытай күн, оған қоса су электр станцияларын тоқтаусыз салып жатса да, онымен бірге атом электр станцияларын да көбейтуде. Олар электр генерациясының барлық көздерін бір деңгейде дамытуға ниетті.

Көрші Өзбекстан өзіне маневр қалдыра отырып, компромисті шешім қабылдады. Олар енді газ электр станцияларын көбейте алмайды. Себебі, өз газдары өздеріне жетпей, көгілдір отынды Ресейден таси бастады.

Атом энергетикасы бойынша Ташкент өз бюджетіне салмақ түспейтіндей шағын модульді АЭС таңдап, Росатоммен келісімге келді. Оған Арктикадағы кемелер мен су бетінде қалқып тұратын платформаларға қойылып жүрген РИТМ-200Н реакторы орнатылмақ. Әрқайсысы 55 Мвт қуат беретін осындай 6 реактор орнатылса, осы АЭС жалпы 330 Мвт қуат өндіреді.

Шындығында АЭС үшін бұл аз. Өзбекстан салатын атом электр станциясы Ташкенттегі бір ауданның электр энергиясына деген қажетін әрең өтемек. Мұндай шағын АЭС-тер көбіне Арктика, тундра сынды тым шалғай, алыс аймақтардағы өндіріс пен азғандай елді-мекендерді қамтамасыз ету үшін қойылады.

Бірақ Ташкент Дубайдың Masdar компаниясымен бірлесіп бірнеше күн және жел электростанцияларын іске қосқан еді. Қазір олар 1400 Мвт қуат беруде. Енді Masdar су жинайтын қоймалар мен оның негізінде салынатын су электр станциялары жобасына кірісті. Демек Өзбекстанның сәл ғана үлесті атомға беріп қойып, негізгі басымдықты араб инвесторы өз қаржысына салатын күн, су энергетикасы жобаларына беріп отырғаны байқалады. Бірақ оның себебі қарапайым — Ташкент барынша үнемдегісі келеді: өз қалтасынан ақша шығаратын инвесторға есік толық ашық, ал егер АЭС-ке ақша төлеу керек болса онда басты қатырмай ең арзанын ала салмақ.

Өзбекстан атом энергетикасын базалық электр генерациясы деп санап отырған жоқ. Ал Қазақстан керісінше егер Екібастұздағы көмір жағатын ГРЭС-ті жабатын болсақ (Еуроодақ көмірсутек салығын енгізгенде), оның орнына АЭС-ті база көріп отыр. Бірақ ГРЭС 4000 Мвт беріп жүргенде, АЭС-іміз асып кетсе 2400 Мвт бермек. Ол қаншалықты үлкен база бола алады деген мәселе туады.

Мен еш жерден таппаған ақпарат — Қытай Шыңжандағы күн электростанциясына қанша қаржы жұмсады? Себебі, 2400 Мвт беретін АЭС-іміздің бағасы 12 миллиард доллар тұрады. Ал 5000 Мвт-тық күн станциясы одан әлдеқайда арзан болып шықса ше?

Шамамен примитивті есептеуге болады. Түркістанда салынуы тиіс 50 Мвт болатын күн станциясы жобасының құжатында толық құны 52,8 миллион доллар деп көрсетілген. 2400 Мвт қуаттық АЭС дәл осындай 48 күн станциясына парапар. Онда 52,8 миллионды 48-ге көбейтсек, 2,5 миллиард доллар шыққанын көреміз. Яғни 12 миллиард доллар тұратын АЭС беретін 2400 Мвт қуатты жалпы құны 2,5 миллиард доллар болатын күн станциялары да беретін болып тұр.

Бірақ. Дәл осы кезде энергетиктер маған ақшамен ғана есептеуге болмайды, энергетиканың өз ньюанстары бар — базалық генерация мен маневрлік генерация арасында айырмашылықты білмеу деген сұмдық қой деп айтар еді. Электр тоғын 24/7 режимінде үздіксіз өндіре алатын, ұзақ жұмыс істейтін нысан базалық генерацияға жатады. АЭС, көмір жағатын жылу электр станциялары, егер қоймадағы суы тартылмаса ГЭС те осындай қасиетке ие. Ал күн мен жел энергияны тұрақты бере алмайды. Жел соғып, ыстық болса ғана өндіреді, күн пластиналары мысалы түнде мүлде жұмыс істеуді қояды. Сондықтан олар маневрлік генерация делінген.

Өткен аптада біз 1800 Мвт қуаттық Қамбарата-1 ГЭС-і бойынша келісімге қол қойдық. Қырғызстанда салынады, біздің үлесіміз 33 пайыз. Оған 4,5 миллиард доллар (бізден 1 миллиард доллар шығуы тиіс) мен 8 жыл кетеді. АЭС-ке де, егер ол стационарлы, үлкен болатын болса, кемінде осындай уақыт керек.

Бізді қинап тұрған нәрсе мынада. Қазір шешім қабылдаймыз да 8-10 жылдай күту керекпіз. Осы уақытта басқа арзан технологиялар пайда болып, өкініп қалмаймыз ба деген қорқыныш бар. Сосын АЭС-ке керек 12 миллиард доллар аз ақша емес.