Алматы әкімінің жаңа жылдық шырша тойына 1700-дей бала қатысты
![]() |
Бүгін Алматыда Қазақ мемлекеттік циркінде қала әкімі атынан жаңа жылдық шырша тойы тойланды. Оған бүкіл қала бойынша 1700-дей бала қатысты. |
Мерекелік шараның басында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бүгінгі мерекелік шараға жиналған балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Құрметті балалар! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Сіздер мына Шырша тойына өздеріңіздің ата-аналарыңызбен және педагогтарыңызбен келіп отырсыздар. Сіздер бақытты балаларсыздар, өйткені мына жаңа жылдық шырша тойына қатысу бақытына ие болдыңыздар. Жаңа жыл жаңа мүмкіндіктерге толы. Елбасының арқасында біздің елімізде білім алуға, еңбек етуге және демалуға барлық жағдай жасалып жатыр. Сондықтан, өздеріңізге сенімді болыңыздар. Үлкенді сыйлап, әлсізге демеу болыңыздар. Отанды сүйіңіздер, туған қалаларыңыз - Алматыны қастерлеңіздер. Қашанда жақсылық жасауға тырысыңыздар. Сіздердің бүгінгі жасаған игі істеріңіз - бақытты болашақтың іргетасы. Сіздерге сәттілік тілеймін, Жаңа жыл сіздерге көп қуаныш әкелсін!» - деді қала әкімі.
Өз кезегінде Алматы қалалық Мәдениет басқармасы бөлімінің жетекшісі Раушан Қасымова бүгінгі мерекелік шараға тек мектептердің үздік оқушылары ғана емес, сондай-ақ басқа да балалар шақырылғанын айтты.
«Алматы қаласы әкімінің жаңа жылдық Шырша тойы дәстүр бойынша циркте өтеді. Әрине, бүгінгі шоу-бағдарламада келе жатқан Жаңа жылдың символы - мешін де болады. Одан басқа, балалар қолға үйретілген жануарлар - понилар, есектер, аттар, аюлар және ешкілердің өнерін тамашалайды. Біз бүгінгі шараға үздік оқушыларды ғана емес, сондай-ақ көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын және балалар үйінің балалары мен мүмкіндігі шектеулі балаларды да шақырдық», - деді Р. Қасымова.
Айта кетелік, балалар жаңа жылдық шоу-бағдарламаны көріп тәнті болысты. Мерекелік шара аяқталған соң, барлығына сыйлықтар үлестірілді. Әрбір балаға белгіленген сыйлықтың сомасы - 12 мың теңгені құрады. Сондықтан, әрбір балаға сноуборд, кітаптар және тәтті тоқаштар мен кәмпиттер үлестірілді.














Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін