Алматы әуежайы шарықтаған бағаны сынаған жолаушыларға қымбат тамақты сатып алмауға кеңес берді
Алматы әуежайында ас-судың бағасы әлі де аспандап тұр. Бір бутербродтың бағасы – 2 мың, бір шыныаяқ кофе - 1200 теңгеден сатылып жатыр. Ал тәттілердің құны, тіпті, ақылға сыйымсыз. Сондықтан тамаққа ақшасы жетпеген жолаушылар ұшақтарын аш қарын отырып тосуға мәжбүр. Бұған дейін де сараңдығы үшін сөз естіген әуежайдағы саудагерлер қып-қызыл қымбатшылықтың себебін тамақты шетелден тасып жатқандығымен түсіндірді. |
Бас айналдырар баға бұл күндері тек әуежайда ғана. Асханасының бәрі кілең ауқатты жандарға арналып ашылғандай. Ішінде бір түйір шұжығы бар бутербродтың ең арзаны – 2000, ал шайдың кесесі 800 теңге. Мұндай бағаға бойы үйренбеген жолаушылар тәбеті ашылса да аш отыр.
Айтбай Сейітмағамбетов:
-Ішетін су балаға, сүт бәрі қымбат. Пирожки 300-ден бастап мынау не?Жәй картошкамен, мұндай болмайды ғой?
Гүлнар Тоқбердиева:
-Тамақ ішу мүмкін емес.Бір жігіт көщедегі арзан кафеден тамақтануға кеңес берді. Масқар удай қымбат.
Есесіне, бірен-саран адам болмаса, дәмханалардың бәрі бос. Даяшылары табалдырықта телміріп тұр.
-Біз қазір әуежай ішіндегі дәмханалардың біріндеміз. Мұнда шәйдің бағасы 500 теңге кішкентай ғана пиаласы. Ал кофенің бағасы болса -1500 теңгеден дейді. Ал круассандардың бағасы -1100 теңге, әрине ол круассандардың көлемі бәліштен шамалы кішілеу. Және мұнда десерттер бар түрлі, тәттілер бар, бір алманың да бағасы тіпті 10 келі алмадан да қымбат тұрады. 1500 теңге. Ал көріп тұрғандарыңыздай, орындықтардың бәрі бос. Тамақтанып жатқан бірде бір адам жоқ.
Сөйтсек, сөредегі ас-судың бәрі кілең шетелден әкелінген екен. Тәттілері – Италиядан, ал бәліштері Францияда пісірілген. Сол себепті де бағасы қымбат деп түсіндірді саудагерлер.
-Шынымен Франциядан әкелінген круассандар ма?
-Әрине, 1100 теңге.
Тек тамақты шетелден тасып қымбатқа сатқан әуежайдағы саудагерлерге «әй дейтін әже» болмай тұр. Әуежай басшылығының өзі көпшілік «көрпесіне қарай көсілсін» деп отыр.
Серік Мықтыбаев, Алматы әуежайының вице-президенті:
- Қымбат тамақты қалтасы қалың азаматтар алып жейді. Егер ақшасы жетпесе, оны ешкім де қинап жатқан жоқ қой. Ол үшін арзан терминалдар орнаттық.
Ал арзан деген терминалдарда тіске басар түк жоқ. Тек сусын ғана сатылған. Оның өзі – үш есе қымбат. Баға үшін басы дауға қалған әуежай арзан самса, шәй, сусын сататын сауда орнын қойған. Бірақ ол жолаушыларға түсуге болмайтын бірінші қабатта тұр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін