Жарияланды: 440

Алматы іргесіндегі ауыл мектебінде оқушылар үш ауысыммен оқуға мәжбүр

Барынан жоғы көп! Бүгін Алматы облысындағы Көкқайнар елді мекенінде балалары бастауышта оқитын ата-аналар бас көтерді. Оған себеп – ауыл мектебіндегі жағдай. Кезінде клуб болған 5 бөлмелі ескі ғимаратта қазір 3 ауысыммен 400-ге жуық бала оқиды. Негізі ауылда бірер жыл бұрын салынған жаңа мектеп бар екен. Бірақ оған да бала сыймай, 3 ауысыммен оқып жатыр.

Бұл – Көкқайнар ауылының оқушылары баратын мектеп. Бастауыш сыныптарға берілген ескі ғимаратта бас-аяғы 5 бөлме бар. Сондықтан 400-ге жуық бала мұнда 3 ауысыммен оқиды. Жоқ-жітік мұнымен бітпейді екен.

Марина Перелезко, Көкқайнар ауылының тұрғыны:

- Мектепте дәретхана жоқ, су жоқ, мейірбике жоқ, тіпті асханаға дейін қаралмаған. Көріп тұрсыздар, айналасы да қоршалмаған. Қасында жол тұр.

Гүлнар Алпысбаева, Көкқайнар ауылының тұрғыны:

- Көріп тұрсыз қанша бала оқитынын, мектепте мүлдем оқуға жағдай жоқ. Балалар үш-үштен партада отырады. Дайындық сыныбында. Масқара ғой. Мен қызымды басқа апаратын жер болмаған соң осында әкеліп тұрмын.

Жоқтың қатарында, әрине оқулық та бар. Кітаппен бірге сынып бөлмесіне қажет заттарды да ата-аналар сатып алыпты. 

- Еще мы классу покупаем мел, тряпку, ведро и журнал.

Бұл ғимарат кезінде ауыл клубы болған. Қазір жылу жүйесі де дұрыс емес. Қыста суық, ал күн жылыда іші қапырық. Негізі, Көкқайнарда осыдан бірер жыл бұрын салынған жаңа мектеп бар. Бірақ ол да оқушыға лық толған.  

Айжамал Асырауова, №29 орта мектептің директоры:

- Бала саны жылдан жылға өсіп жатыр. Былтырдың өзінде 970 оқушы мен 105 мектеп алды даярлық тобы аяқтады. Жылдан жылға жан-жақтан ағайындар көшіп келіп жатыр. Монғолиядан, Өзбекстаннан, Түркіменстаннан. Содан кейде мектепте отырғызатын орын да таппай қаламын.   

Жер үлестіргенде алдына жан салмайтын шенеуніктер болса, ауыл өссе бала санының артатынын да ескермеген сыңайлы. Десе де Көкқайнардағы мектеп жайын шешумен айналысып жатырмыз деп сендіріп бақты.

Айбалқын Тұралина, Ащыбұлақ ауылдық аймағы әкімдігінің бас маманы:  

- Көкқайнардағы мектеп мәселесін айтсақ, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 2016-2017 жылға жоба жасылып қойды. Мектеп салынады. 600 орындық.

Сондықтан шенділер әзірге ата-аналарға шыдамдылық таныту керектігін айтумен шектеліп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін