Жарияланды: 190

Алматы облысында астыртын арақ-шарап цехі әшкереленді

Шағын қойманы жалға алған кәсіпкерлер 3 айдан бері заңсыз жолмен пайда тауып келген. Цехтан 5 мыңнан астам жалған акциздік белгі, бос шөлмектер және спирт табылды. Сондай-ақ, елімізде кең танылған сауда белгілерінің атымен өнім өндіріп келген Башқұртстан азаматтары да ұсталды.

Алматы облысында табылған астыртын цех иелері кәсіптерімен айналысу үшін мына шағын қойманы жалдапты. Осында алкогольдік ішімдіктің 3 түрін өндірген. Бұған қоса, астыртын цехта 5 мыңнан астам жалған акциздік белгі табылды. Кәсіпкер-сымақтар өнімдерін шет аймақтардағы шағын дүкендерге ғана өткізген екен. Жалпы, жыл басынан бері Алматы облысында жалған спирттік ішімдік өндірумен айналысқан 6 азамат ұсталған.

Мырзахан Жақсылық, Алматы облысы мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

- Бүгінгі күнге дейін 6 азамат соттың үкімімен кінәлі деп танылып, 500 айлық есептік көрсеткіштен мың жарым айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл тағайындалған болатын. Аталған факті да дәл сондай фактілерге ұқсас.

Осыған ұқсас жағдай таяуда ғана Башқұртстанда да тіркелді. Жалған арақ-шарап шығарумен айналысқан ресейлік кәсіпкерлер тауарларға елімізде шығатын өнімдердің белгісін жабыстырған. Осылайша олар мұны қазақстандық өнім деп саудалаған. Ал біздің кәсіпкерлер тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие өнімдердің атын жамылып, ақшаға кенеліпті. Сапасы күмәнді өнімнің қаншасы сатылып кеткенін тергеушілер анықтап жатыр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін