Жарияланды: 250

Алматы облысында мейірбике ауруханада үнді сериалын көремін деп қызметінен қуылды

Алматы облысының тұрғыны үнді сериалының кесірінен жұмысынан айырылды. 22 жастағы мейірбикенің телехикаяға есі кеткені сонша, науқастарға қараудың орнына соны көру үшін компьютерге телміріп отырған. Бірақ мейірбике мұнысын мойындаған жоқ. Енді компьютерге сериал емес, жаңалық көру үшін отырғанын сотта дәлелдемек.   

Ақсу аудандық ауруханасының жедел жәрдем қызметкері Марал Самабекова осыдан бес ай бұрын қызметінен қуылған. Басшылары оны науқастарды емдеудің орнына үнді сериалына телмірдің деп сөгіпті.

Марал Самабекова, Алматы облысының тұрғыны:

-Қатаң сөгісте интернетте ойын ойнап отырғаны үшін жұмыстан қуылды деп жазылған.  Мен ол кезде жаңалық көрдім. Жұмыста бос уақытта фельдшерлердің бәрі интернетте отырады ғой.

Ал басшылықтың өз дәлелдері бар екен. Айтуларынша, сериалға телмірген мейірбике кесірінен ғаламтордың жылдамдығы бәсеңдеп жұмысқа кедергі келтірген. Ал науқастардың қараусыз қалғаны өз алдына дейді.

Әшімғали Жұмагелдин, Ақсу аудандық аураханасы бас дәрігерінің орынбасары:

-Бұл кісі жаңа айтты ғой, интернетте  отырдым  деп. Ешқандай да интернет көрген жоқ. Үнді фильмін көріп отырған.

Мейірбике ақыры жұмыстан заңсыз қуылғанын айтып, аудандық және облыстық сотқа шағымданған екен. Бірақ ондағылар арызын құптамады. Енді кассациялық сотқа кәсіподақ ұйымының көмегімен шағым түсіруді ойлап отыр.

Жәзира Камолданова, кәсіподақ ұйымының төрайымы:

-Өзіміз көріп жүрміз кез- келген шенеуніктің кабинетінде теледидар бар. Олар да тегі ұялы телефонмен интернетте отырады сөйлескен кезде. Кісі қабылдаған кезде олар телефонмен сөйлесе алады. Сондықтан бұл қызға бір рет сөгіс беріп, екінші рет қоймаса жазбаша сөгіс беруге болар еді.

Жұмыс уақытында ғаламторды пайдалануға болатынын Мемлекеттік қызмет істері департаментіндегілер айтады. Бірақ, оның қызметке кесірі тимеуі керек. Сондықтан үндінің сериалына үйір болған мейірбикенің бұрынғы жұмысына қайта оралуы екіталай. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін