Жарияланды: 510

Алматы облысында пәтер тонауды кәсіпке айналдырған 18 жастағы бозбала ұсталды

Полицейлер Алматы облысының Алакөл ауданында бірнеше пәтер тонау оқиғаларына қатысы бар деген күдікпен 18 жастағы бозбаланы ұстады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне облыстық ІІББ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

Соңғы уақытта Үшарал қаласында әсіресе күндізгі уақыттарда пәтер тонау оқиғалары едәуір жиілеп кеткен. Осыған байланысты полицейлер күзетті күшейтіп, аталмыш қылмыс түріне байланысты бұрындары сотталған адамдарды бақылауға алған көрінеді. 1-қыркүйек күні кезекті тонаушылық әркеттен кейін күдікті қолға түсті. Полицейлердің болжамы дұрысқа шығып, 2003-жылдың маусым айында түрмеден босап шыққан жас жігіттің тонаушылық жасағаны әшкереленді. Бозбала бұған дейін 15 ұрлық оқиғасы үшін жаза өтеп шыққан болатын. Қазіргі жағдаймен полиция оның 7 ұрлық оқиғасына қатыстылығын анықтады, басқа деректер де тексерілу үстінде. Тұтқынның пәтерінен ұрлыққа айғақ заттар болып табылатын бейнемагнитофондар, алтын бұйымдар, етіктер мен басқа да заттар шықты. Баспасөз қызметіндегілердің атап көрсетуінше, бойы 185 см-лік ұзынтұралығына қарамастан , жігіт өзінің кез-келген кішкентай желдеткіштен сыйып кете беретін "кәсіпқой ұры" екенін айғақтап берген. Тергеу эксперименті кезінде полицейлер терезенің алдына үстінде ыдыс-аяғы бар үстел қойған. Алайда, жігіттің ептілігі соншалық, ол мысықша басып пәтерге кірген кезде, табақ сынбақ түгілі еденнің сықыры да естілмеген көрінеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін