Алматы облысында шенеуніктер жол бойындағы жайма базарларды жоқ қылмақшы
Алматы облысында шенеуніктер жол бойындағы жайма базарлар мен дүңгіршектерді жоқ қылмақшы. Олар алдымен жаңадан салынып жатқан Өскемен-Алматы трассасы жиегіндегі саудагерлерді қуып жатыр. Бірақ ондағы жұрт жан бағып отырған жерлерінен кетер емес. Ал атқамінерлердің қолында әзірге дүңгершіктерді алып тастауға міндеттейтін ешбір құжат жоқ екен. Десе де, олар алған беттерінен қайтпайтынын айтады. |
Құрылысы екі жыл бұрын басталған Алматы-Өскемен жолына қатысты дау бітер емес. Былтыр тал-теректерді кескен тас төсеушілерге экологтар қарсы шықса, кейін биологтар жануарлардың көшіп-қонуына магистраль кедергі келтіреді деп дабыл қақты. Енді кезек Талдықорғанға баратын жол бойындағы саудагерлерге жеткен. Себебі Көксу ауданының шенеуніктері ешбір заңды шешім шығармай-ақ, бәліш пен сүт-айран сатып тұрған дүңгершіктерді алып тастауды бұйырыпты. Ал Балпық би ауылы тұрғындарының жан бағып отырған жалғыз кәсіптерінен айрылып қалғылары келмейді.
Лаура Мекежанова, Балпық би ауылының тұрғыны:
- Аудан әкімінің орынбасары келіп айтып жатыр мына киоскілерді алыңыздар бес күннің ішінде. Оған ауызша түрде. Бізге қағаз түрінде ешқандай предупреждение болған жоқ. Ал біз бұны 20 жыл бойы тұрған киоскіміз. Осымен нан тауып отырмыз. Әр киоскі бір-бір үйді асырап отыр.
Көксу ауданының шенеуніктері жол бойындағы дүңгершіктерді алып тастауға арналған қолдарында құжат жоқтығын мойындайды. Бірақ оны жақын арада реттейміз деп ақталуда.
Мәлік Бейсенов, Көксу ауданы әкімінің орынбасары :
- Күнде осы мың машина өтеді. Ол қай жерде болмасын бұлардың сатып отырғандары пирожки, жаңағы биляши, чебуреки. Шаң, газ, қай жерде сангигиена бар ана жерде. Қашанғы біз олардың айтқанымен жүреміз? Жүрмейміз олардың айтақынмен. Ауыстырамыз.
Жалпы, Алматы мен Талдықорған арасындағы жолды жаңалауға қазынадан 130 млрд теңге бөлінген. Енді сол құрылыс екі жыл ішінде аяқталуы тиіс.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін