Жарияланды: 290

Алматы облысында тұрғындар ағаштардың оталуына орман шаруашылығын айыптады

Алматы облысында тұрғындар браконьерлер мен орман шаруашылығы мекемесінің басшылығына қарсы күрес жариялады. Ұйғыр ауданындағы бірнеше ауыл халқы табиғат қаскөйлері жергілікті орманшылармен ауыз жаласып алған дейді. Себебі жүзжылдық ағаштар жүздеп кесіліп жатса да, ұрылар қолға түспеген. Браконьерлердің кесірінен өзендердегі су да азайып, жұрт қиын жағдайға қалып отыр.

Ақсу, Қырғызсай және Сүмбе ауылдарының үстінен өтетін мына өзендегі су деңгейі биыл азайып кеткен. Бұрын бау-бақшаны суарып, егін алқаптарына да молынан жететін еді дейді жұрт. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл соңғы уақытта жанданған браконьерлерге тікелей байланысты екен. Олар таудағы ағаштарды жаппай шауып алған.

Нұрахмет Нұрәлиев, Қырғызсай ауылының тұрғыны:

Қарағайымыз қалған жоқ. Санап алатындайы ғана тұр. Арасына мал емес, адам кіруіне мүмкіндік жоқ болатын. Бастық болған Камалжанның өзі бізді тақыр қылып жіберді. 

Бұған байланысты қоғам белсенділері де дабыл қағуда. Бірақ осы әрекеттері үшін оңбай таяқ жепті. Мәселен, бетін тұмшалаған белгісіз адамдар Нұрахмет Ескендіровтің үйіне келіп, өлімші етіп сабап кеткен. Соған қарамастан ол тауға көтерілуді тоқтатпапты.

Нұрахмет Ескендіров:

– Қарашаның 15 күні комиссия құрамына кіріп, Ақта тауына шықтым. Ол жерде аяусыз ағаш шауып жатқандардың үстінен түстік. Жап-жасыл 27 Тяньшянь шыршасының тамырлары табылды. Оларды құлату үшін шығыр мен тракторлар пайдаланылған.

Браконьерлермен ауыз жаласып алды деген орман шаруашылығының басшылары тұрғындардың өздерін кінәлады. Айтуларынша, жұрт ағаш сатып, табыс табудан бас тарта қоймайды. Яғни шу шығарғандардың өзі бірнеше рет қылмыс үстінде қолға түсіпті.

Камалжан Юлдашев, Ұйғыр аудандық орман шаруашылығы мекемесінің директоры:

– Бұрын барлығы бірлесіп ағашты ұрлап шығаратын. Ұсталғандар қылмыстық немесе әкімшілік жазаға тартылған. Басым бөлігі жұмыстан қуылды. Енді ренжіп қалғандары менің үстімнен арызданып, жала жабуда.

Жыл басынан бері облыс аумағында заңсыз ағаш шабумен айналысқан 300 жағдай тіркеліпті. Бірақ браконьерлердің басым бөлігі келтірілген шығынды өтеп, бостандықта қалған. Әрине, бұл жергілікті жұрттың көңілінен шыға қоймайды. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін