Алматы облысында үйлерін аттарына рәсімдей алмаған әскерилер шу шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында үйлерін аттарына рәсімдей алмаған әскерилер шу шығарды

Алматы облысында үйлерін аттарына рәсімдей алмаған әскерилер шу шығарды

Әскери зейнеткерлер далада қалуы мүмкін! Алматы облысында жүзден астам бұрынғы әскери баспаналарын жеке меншікке өткізе алмай жүр. Кезінде жабық қалашықтан берілген қызметтік үйлер 20 жылдан кейін жекеге өтуге тиіс болған. Бірақ мұндағы тұрғындар әлі күнге үйсіз қаламыз ба деген үреймен өмір сүріп келеді.

  • 21 Қазан 2015
  • 239
Фото - Caravan.kz

Алматы облысына қарасты Жетіген ауылындағы әскери қалашықта қызметкерлер тұратын 14 көпқабатты үй бар. 40 жыл бұрын салынған баспаналардың әбден тозығы жеткен. Бірақ жұрт соның өзіне зар. Келісім бойынша, берілген баспана 20 жылдан кейін қызметкерлердің атына өтуі тиіс еді. Алайда бұл мүмкін болмай тұр.

Бақытжан Әбитқызы, зейнеткер:

— 35 жыл қызмет  еттім. Жекешелендіріп береміз деп талай уәде берді. Бүгін өліп қалсақ та  ештеңе бермейді. Менің бала-шағам далада қалады. Сонда мен несіне  35 жыл отанға қызмет еттім?

Зейнеткерлердің қолында 25-30 жыл бұрын берілген ордер ғана бар. Бірақ қазір ол құжат ретінде есептелмейді екен. Сондықтан үй даулағандарды қайда барса да, құжаттарың жоқ деп қайтарған. 3 жыл бұрын сотқа да шағымданыпты. Шешім бойынша, жаңа құжаттар жасауға бюджеттен қаржы бөлінген. Бірақ наразы топ мұның да пайдасын көрмедік дейді.

Серік Исмағұлов, зейнеткер:

-Жазылып тұр онда жылдың аяғында жкешелендіру болады деп. Ал, бүгінгі таңда 3 жыл өтті. Жабулы қазан жабулы күйінде қалып қойды.

Жергілікті билік қалашыққа еш қатысымыз жоқ дегенімен, Қорғаныс министірлігі басқа ақпарат айтты. Сөйтсе, Жетігеннің бұл бөлігі әлдеқашан ашық елді-мекенге айналған екен. Яғни жекешелендіруге еш кедергі жоқ.


Абай Жұмағұлов, ҚР Қарулы күштері әскерилерді пәтерге орналастыру Бас басқармасының бастығы:

— Әскери қалашықтың 70 пайыздан астам аумағы жеке меншікке өткізілуі тиіс. Ол жерде Қорғаныс министрлігімен байланысты үзіп алғандар тұрып жатыр. Тұрғындарға баспаналарды өз аттарына өткізуге баяғыда рұқсат бергенбіз.

Қазір қалашықтың облыс бойынша қай ауданға бөлінетіні шешіліп жатқан көрінеді. Ал әскери зейнеткерлер сөзі тұрақсыз шенеуніктерге сенуден қалған. Сондықтан олар үйлерін меншікке өткізбейінше наразылықты тоқтатпауға бел буып отыр.