Жарияланды: 380

Алматы тұрғындары дағдарысқа байланысты жаңа жылдық сыйлық алуды азайтқан

Жаңа жыл алды - сауда маусымының қызатын шағы. Дегенмен, мерекеге санаулы күндер қалса да Алматы дүкендерінде алыс-берістің жанданғаны байқалмайды. Биыл тұрғындардың жаңа жылдық тартуға жұмсайтын шығыны айтарлықтай азайған. Мерекелік тауарларға сұраныс жоқ деп саудагерлер де қапалы.

Әдетте, жаңа жыл алды саудагерлердің қалтаны бір толтырып қалатын кезеңі. Бірақ, биыл мерекелік сыйлықтарға сұраныс әлдеқайда азайған. Сауда орындарындағы қарашаның да қарасы қалың болмай тұр. Бірінші кезекте бұл әрине тауар құнының қымбаттай түсуімен байланысты.

Гүлжан Нұрбосынова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Былтырғы жылы әрқайсысына 15 мыңнан алғам. Енді биыл ондай жоқ. Өйткені биыл қымбатшылыққа қарай азаяды.  Көп заттар қымбаттаған.

Нарықтағы жағдайға байланысты сатып алушылардың талғамы да өзгерген. Дағдарыстың салқыны сезіліп, тұрғындар қымбат сыйлықтан да тартынып жатыр.

Сымбат Шүленова, Алматы қаласының тұрғыны:

-Брелогтар алдым. Маймылдың суреті бар брелогтар, балаларға. Көбінесе алатын заттарымыз блокнот, ваннаға арналған заттар , сондайларды көбірек алдым. 1-2 бұрын арзан бағамен болған  қазір 300-400 теңге қосылып кеткен үстіне.

Өтімді тауардың бірі қазір ойыншықтар. Бұған қоса, тұрғындардың басым бөлігі келер жылдың иесі мешіннің мүсіндері мен косметикалық өнімдерді және тәттінің түрлерін алады екен. Ал, дүкен сөрелеріндегі әшекей бұйымдар мүлдем өтпей тұр. Сатушылар былтыр жаңа жыл алдындағы бір аптаның ішінде 20-дан астам бұйым сатса, қазір 3-еуін әрең өткізетін жағдайға жеткен.

Айгүл Бекен, сатушы:

- Сауда жоқ, ақшалары жоқ елде. Кризис. Өткен жылы жақсырақ болып еді. Биыл сауда  жоқ.

Сондықтан саудагерлер қалтасы жұқарған халықтың жайын ескеріп, мерекелік жеңілдіктердің түр-түрін жасап жатыр.Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл Алматы мен Астана қалаларының тұрғындары сыйлық үшін орта есеппен 15 мың теңге жұмсауға дайын екен. Бірақ бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмен. Дағдарыстың әсері болар, қазір аста-төк тарту жасап жатқандар шамалы. Көбі қиялдарына ерік беріп, арзан бағаға ұнамды сыйлық жасауды жөн көреді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін