Жарияланды: 430

Алматыда 11 баланың әкесі М.Қабылбаевтың кітабы жарық көрді

Алматыда 11 баланың әкесі Мұрат Қабылбаевтың «Покажи мне небо» атты кітабы жарық көрді. Айта кетерлігі, мазмұны, сипаты, көркемдігі тұрғысынан бұл туындының әдеттегі әдебиетке қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Себебі, оны құрастыруға үйдегі балалары түгел атсалысқан. Ал олардың ішінде 4 жасар Ибрахимнен басқа 10 баланы кітап авторы жұбайымен бірге асырап алған.

Әр түрлі ұлт өкілдері болғанымен, бұлардың бәрі де қазір бір үйдің балалары. Кітап авторы Мұрат Қабылбаев жары Орынбасармен бірге оларды балалар үйінен асырап алған. Тек ең кенжесі Ибрахим ғана олардың туған ұлы. Кітап жазу идеясы да дәл осы балалардың арман-қиялынан туындаған.

Мұрат Қабылбаев, «Покажи мне небо» кітабының авторы:

- Осы балаларды үйге әкеле бастағанда керемет әсер алғанымыз сонша, оны іште сақтап отыру мүмкін емес. Балаларымыздың бәрі ақылды, тәрбиелі. Сосын, осы әсерімізді өзгелермен де бөліссек деген ой туды. Өйткені, кейбіреулер бала асырап алғысы келгенімен, әлі де тартыншақтап жүруі мүмкін.

Мұраттың балалары жарық дүниені көрмей жатып, жетім күйге түссе де, өздерін аялап отырған жандарға дән риза.

Николай, Мұрат Қабылбаевтың ұлы:

- Біз сурет салып, әке одан мынандай кітап шығарды. Әке тағы мына жерге әр түрлі әңгімелер жазған. Мына жерде сол «Покажи мне небо» деген, Төлегенмен түнде келе жатқанда аспанға қарап айтты. Әке сол туралы кітап шығарды.

Бұл отбасы ата-ана мен бала арасындағы мейірімді қарым-қатынастың керемет үлгісін көрсетіп отыр. Кітаптың негізгі мазмұны да соған арналған.

Татьяна Бендзь, журналист:

Мұраттың жазушылық қабілеті мықты. Сөз саптасы жақсы. Кітабын оқыған сайын отбасының ішкі әлеміне тереңдей түсесің. Адамды еліктіріп әкетеді. Сондықтан, жазушылығын жалғастыра бергені дұрыс.

Мұраттың бұл алғашқы шығармасы мың данамен жарық көрген. Ал оны сатудан түскен қаражат осы балалардың қажеттілігіне жұмсалмақ. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін