Жарияланды: 320

Алматыда әбден күйінген жүргізушілер басшыларының кабинетіне басып кірмек болды

Алматыда автобус жүргізушілері наразылық білдірді. Айтуларынша, басшылық күнделікті ақыны өсіргені өз алдына, әр рейске шыққан сайын ақша жинауды бастаған. Онысын су жаңа автобустарды техникалық байқаудан өткізу үшін керек деп түсіндіріпті. Ал қарсылық білдіргендері жұмыстан шеттетіледі екен. Бірақ басшылықтың өз уәжі бар. Жолақы валидаторға емес, жүргізушілердің қалтасына кеткен соң шара қолдануға тура келді дейді автопарк директоры.

Таңның атысынан күннің батысына дейін қоғамдық көлік тізгінінде отыратын жүргізушілер басшылықтың бопсалауынан қажыдық деп бүгін автопарк алдына наразылыққа шықты. Айтуларынша, арандары ашылғандар жөні-жоқсыз ақша жинауды әдетке айналдырған. Жаңа ережемен келіскісі келмегендер жұмыстан шеттетіледі, ал туындаған мәселе тек теңгемен шешіледі екен.

Мәулен Ақылбеков, автобус жүргізушісі:

Жаңа басшылықтың келген уақыт қыркүйекте басталды осы.  «Жұмыс істемейсіңдер», «план әкелмейсіңдер» деп бізді жұмысқа шығармады. Бригадир айтады:»бізге 5-6 мың теңгеден бермесеңдер жұмысқа шығармаймын», «берсең» қазір шығарамын дейді.

Жаңа ереже жаңа директордың келуінен соң орнаған көрінеді. Әкімдікпен бекітілген күндік жоспар да өсіп, 2-3 мың теңге артық төлей бастаған. Тіпті рейске шығудың бейресми құны да қақпа алдында төленуі тиіс дейді ашынған жүргізушілер.  

Дастан Татубаев, автобус жүргізушісі:

Қазір басшылар ауысқаннан кейін колонна бастығы қақпаның  жанында тұрады. Күнде кешкісін, план әкелдің ба, 400 билет әкелу керек. Алып келмесең ертең жұмысқа шықпайсың, резервте тұрасың.  4 күн қатарынан таңғы 4-5-те келемін, автобус жоқ.

Базынасын басшылыққа айтпақ болған жүргізушілерді директор кең кеңсесінде емес, қуықтай кіреберіс бөлмеде қарсы алды. Бригадирдің бассыздығы мен колонна жетекшісінің жүгенсіздігі жайлы естісе де, бар кінә жүргізушілердің өзінде деп, шашасына шаң жуытпады автопарк басшысы. Ал жұмыстан шеттетілгендері жолақыны валидатор салғызбай, қалтасына басқан жүргізушілер көрінеді. 

Әбдібек Мұхамеджанов, №2 коммуналдық автобус паркінің директоры:

– Ақша жинайтындарды неге жұмыстан шығармайсыз? 121 маршруттың бригадирі Ерғали 13 билетпен ұсталып қалды. Ол бригадирмен жеке сөйлесемін. Шара қолданамын. Я жұмыстан шығарамын.

Шағын жиналыс өткізген директор ақыр соңында осы күнге дейін шеттетілген жүргізушілер өзге бағыттарда жұмыс істейді  деген шешімге келді. Ал күндік жоспардың бекітілгеннен сомадан артық болуы бригадалық жұмыс тәртібіне байланысты екен. Яғни, бірінің жоқтығын екіншісі білдірмеуі тиіс. Сондықтан олардың әрқайсысынан артық ақша жиналған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін