Жарияланды: 400

Алматыда Apple Fest фестиваліне 300 мыңға жуық адам қатысты

Алматыда Apple Fest фестиваліне 300 мыңға жуық адам қатысты

Алматыда Қала күні мерекесімен қатар, Apple Fest фестивалі өткізілген болатын.

Оған келген қала тұрғындары мен қонақтарының саны рекордтық көрсеткіште жетті. Қорытынды есеп бойынша биыл фестивальді 300 мыңға жуық адам тамашалаған. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық мәдениет басқармасынан хабарлады.     
«Биыл Apple fest алма фестивалінде екі рекорд жасалды. Биыл мерекені тойлауға 300 мыңға жуық адам қатысты. Өткен жылы Қала күні Тұңғыш Президент саябағына 180 мың адам келген болатын. Екіншіден, фестиваль аясында ашылған алма жәрмеңкесіне тұңғыш рет 100 тонна алма жемістері қойылды. Барлығы, алма жәрмеңкесіне Алматы облысының Талғар, Қарасай, Еңбекші қазақ және Ұйғыр аудандарынан 33 шаруа қожалығы қатысты», - делінген мәлімдемеде.

Айта кетелік, бұдан бірнеше жыл бұрын бұл шараға бірнеше тонна ғана алма жеткізілген болатын. Яғни, Алматы өңірінде алма өсіру кәсібі біртіндеп дамып келеді.

Сонымен қатар, фестиваль барысында үздік алма өсірушілер естелік дипломдармен және тұрмыстық техника бұйымдарымен марапатталды.

«Алма-Продакс» шаруашылығы «Алма түрлерінің ең көп сұрпын өсіруші» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Ең үлкен апорт» аталымының жеңімпазы - «Мельников» компаниясының ұжымы. Олардың алмасының салмағы 720 грамм болды. «Жеміс-жидек өнімдерін сақтаудағы үлесі үшін» және «Жеміс-жидек түрлерін сақтаудағы үлесі үшін» деп аталатын марапаттар «Клара» және «Сапар»  компанияларына табыс етілді.    

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін