Алматыда инкассаторларға шабуыл жасағандар ұсталды - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+27 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда инкассаторларға шабуыл жасағандар ұсталды

Алматыда инкассаторларға шабуыл жасағандар ұсталды

Алматыда инкассаторларға шабуыл жасаған қос қарақшы құрықталды. Күдіктілердің бірі Боралдай кентінен ұсталса, екіншісі қаланың өзінде тығылып жатыпты. 33 және 38 жастағы екі азамат қылмыстарын толық мойындап отыр. Естеріңізге салсақ, «Travel Express» компаниясының қызметкерлеріне қарулы шабуыл 26-шы қыркүйекте жасалған. Атыс кезінде бір күзетші көз жұмса, екіншісі ауыр жараланды. 

  • 23 Қазан 2013
  • 262
Фото - Caravan.kz

Оқиға Желтоқсан мен Сәтпаев көшесінің қиылысында мына «Travel Еxpress» деп аталатын мекеменің алдында болған. Фирманың екі қызметкері ақша толы сөмкені алып, банкке өткізуге сыртқа шыққан сәтте шабуыл жасалды. Бір күзетші сол жерде жан тапсырса, екіншісі ауыр жараланды. Оқиға орынан із суытқан қаскөйлер міне, үшінші апта дегенде қолға түсіп отыр. 33 жастағы азамат Боралдай кентінде ұсталса, 38 жастағы екіншісі Алматыда құрықталған. 

Күдікті:

— Ана жерде көліктер қатар тұрды. Осы жерден аттық, сол кезде екеуі де құлады. Біреу мында, біреу анда. Сосын мен Русқа айғайладым, кеттік. Қашамыз деп. Сөйттік те, Наурызбай көшесімен мектеп арқылы қаштық.

Сөздеріне қарағанда күдіктілер қылмысқа алдын-ала дайындықпен барыпты. Тек іс насырға шабарын күтпепті. Сөйтіп, асып-сасып, көздей келген ақшаларын алмастан қаша жөнелгенін айтады.

Ал мынау қаскөйлердің қалтасынан шыққан екі тапаншаның өзі. Инкассаторларға дәл солардан оқ атылыпты. Қазір екеуі де қылмыстарын мойындаған.


Қайрат Тыныбеков, Алматы қалалық ІІД бастығы:

— Екеуі де осы Алматы қаласының тұрғындары. Екеуі де жұмыс істемейді. Біреуінің ұлты орыс, екіншісі шешен.   

Ұсталған екі азамат қазір қылмыстарын мойындап отыр. Сондықтан іс жуық арада сотқа жолданбақ.

Қос инкассаторға қарақшылық шабуыл осыдан бір ай бұрын дәл осы жерде жасалған еді. Оқиғаны мына жазу ғана еске түсіреді демесең, өзгесі бүгінде ұмытылған. Мұнда 48 жастағы Олег Михаилович бірнеше жеріне оқ тиіп қаза тапқан болатын.

Ал 42 жастағы оның әріптесі Андрей жанбасы мен кеуде тұсынан жараланып, ауруханаға жеткізілген. Қазір беті бері қараған азамат үйіне шығарылыпты. Бір айта кетерлігі, қылмыстық іс «Travel express» компаниясына да қатысты қозғалып отыр. Яғни, сараңдық танытып, кәсіби инкассатор қызметіне жүгінбегені үшін.