Жарияланды: 380

Алматыда ондаған көлікті талқандаған трамвайда стажердің отырғаны расталды

Алматыдағы жантүршігерлік жол апатына қатысты жаңа дерек! 14 көлікті талқандаған трамвай қуат көзінен ажыратылмаған болып шықты. Яғни жүргізуші тетігін өшіруді ұмытып, ақауды жөндеу үшін сыртқа кетіп қалыпты. Ал кілті қосулы қалған көлік жүріп кеткен. Өздігімен қозғалған трамвайдың ішінде тәжірибеден өтіп жүрген жас маман болған екен. Бірақ зулаған көлікті тоқтата алмаған қыз сасқалақтап ақыры өзі секіріп түскен.

Трамвай соққан жолаушылар тек бүгін есін жиған. Әсіресе, 5 адамның екеуі қатты жараланған екен.

Нұржан Исабеков, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі:

-Екі науқастың да жағдайы түскен кезде нашарлау болды. Бір науқастың диагнозы 12-ші омыртқаның жабық түрде жарақаты. Екінші науқас іш құрылысының жарақаты, бас миының шайқалуы.

Екі адам бүгін үйіне жіберілді. Десе де дәрігерлер омыртқасы сынған қыздың халі үшін алаңдап отыр. Бойжеткеннің жұлынына қатты зақым келіп, ұзақ уақытқа төсекке таңылған көрінеді. Ал істен шыққан трамвайдың 30 жыл бойы жолаушыларды тасымалдап жүргені белгілі болды. «Алматыэлектротранс» компаниясы оны тәжірибеден өтетін жас мамандарға арнап қойыпты.       

Әсет Төлеушов, Алматы қалалық Жолаушы тасымалдау басқармасының бөлім жетекшісі:

-Это был учебный трамвай! Учебный! Там был и водитель и стажер, на момент когда он поехал водитель находился на улице, а за рулем сидел стажер

Сол күні де трамвайдың тізгінінде жүргізуші мен үйренуші маман болған екен. Кенет тежегіштен ақау кетіп, негізгі жүргізуші көлікті тетігінен ажыратпастан сыртқа шыққан. Ал іште стажердің өзі ғана қалыпты. Содан көлік өз бетімен жүйітки жөнелген. Зулаған трамвайды тоқтата алмаған стажер ақыры вагоннан секіріп түсіпті. Басқарусыз қалған трамвайдың кесірінен 14 машинаға зақым келген. Тіпті жарамай қалғандары да бар.      

Жандос Мұратәлиев, Алматы қалалық ІІД ӘПБ бастығының орынбасары :

-Осы жол апатынан жарақат алған немесе мына материалдық жағынан шығын алған көліктер міндетті түрде сақтандыру компаниялары немесе осы компания басшылары арқылы міндетті түрде төленеді.

Тергеушілер жүргізуші кінәлі деп отыр. Ал, негізі, бұған дейін де бұзылып тұрған трамвайдың тежегішінен түтін шыққан екен. Ішкі тексерісті «Алматыэлектротранс» та жүргізіп жатыр. Жалпы қала көшелерінде компанияға тиесілі осы тектес тағы 20 шақты қоғамдық көліктің де әзірге техникалық жағдайы беймәлім.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін