Жарияланды: 870

Алматыда "Қазақстандағы паллиативтік көмек" атты дөңгелек үстел өтуде

Бүгін, 8-қыркүйекте Алматыда Қырғызстанның, Ресейдің және еліміздің денсаулық сақтау саласындағы жетекші мамандары мен мен ғалымдарының, сондай-ақ, АҚШ-тан, Швециядан, Польшадан келген паллиативтік көмек мәселесі бойынша халықаралық сарапшылардың қатысуымен "Қазақстандағы паллиативтік көмек" атты дөңгелек үстел жұмысы басталды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Паллиативтік көмектің басты мақсаты - айықпас дертке шалдыққан ауыр халдегі науқастар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету болып табылады. Дөңгелек үстел барысында атап көрсетілгеніндей, Қазақстанда паллиативтік көмек саласы жаңадан аяғынан тік тұра бастады. Бұл саланың арқау негізі Алматы, Қарағанды, Өскемен, Павлодар және Семей қалаларында хоспис ұйымдарының құрылуы арқылы 90-шы жылдардың басында қаланған. Алайда, жиналысқа қатысушылардың атап көрсеткеніндей, бұл саланың жұмысы дәйекті үйлестірілмейді, медицина және әлеуметтік сала қызметкерлері мен еріктілерге арналған біртұтас білім беру бағдарламасы жолға қойылмаған, қоғам мен мемлекеттік мекемелердің бұл тұрғыдағы хабарлылық деңгейі төмен. Жиналыс барысында паллиативтік көмектің жүйесі, денсаулық сақтау саясаты, қаржыландыру көздері, халықаралық тәжірибелер, осыған байланысты тағы басқа да мәселелер қаралады. Кеңес ертең де жалғасады. Айықпас ауыр дертке шалдыққандарға жәрдем көрсету және олардың күтімі, ондай науқастардың туыс-туғандарына ақыл-кеңестер беру, паллиативтік медицина саласындағы ұйымдастыру және білім беру мәселелерін жалпы денсаулық сақтау жүйесі бойынша кешенді шешу дұрыс дейді мамандар. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш тақырыпта кеңес өткізу - республикадағы осы сала ахуалына баға беруге, болашақ даму мүмкіндіктерін айқындауға, халықаралық тәжірибемен танысуға жағдай жасайды. Паллиативтік көмек көрсету саласындағы жұмыстарды жетілдіру үшін мемлекеттің осы саладағы ролі мен саясатын нақтылап, паллиативтік көмекке зәру жандар туралы мәліметтерге статистикалық талдау жасау, арнаулы білім беру бағдарламаларын қолданысқа енгізу, қаржыландыру көздерін анықтау қажет ,- деп пайымдайды сала мамандары.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть