Алматыда сұмдық апат жасаған трамвайдың жүргізушісі 32 жастағы келіншек болып шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 518.99
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда сұмдық апат жасаған трамвайдың жүргізушісі 32 жастағы келіншек болып шықты

Алматыда сұмдық апат жасаған трамвайдың жүргізушісі 32 жастағы келіншек болып шықты

Алматыда жантүршігерлік жол апаты! Тежегіші істен шыққан трамвай табан асты 14 машинаның тас-талқанын шығарды. Қоғамдық көлік ішінде тіпті жүргізуші де болмаған. Сөйтсе, рельсті көлік мұның алдында ғана бұзылып, жолаушыларын түгел түсіріп тастаған екен. Ал жүргізушісі сыртта жүріпті. Сол сәтте травмай өзімен-өзі еңіске қарай құлдилаған күйі алдындағы көліктерді түгел жайпап тастаған.

  • 22 Қыркүйек 2015
  • 437
Фото - Caravan.kz

Бұл көліктердің барлығы бағдаршамды күтіп тұрған. Кенеттен пайда болған трамвай бірін де қалдырмай тас-талқан етті. Бірі аударылып түссе, енді бірі мүлде жарамсыз боп жаншылып кеткен.

Тау боп үйілген темір-терсектің ішінен зардап шеккендерді тек арнайы техниканың көмегімен шығару мүмкін болды. Жоғары жылдамдықпен жүйіткіген трамвай 14 бірдей көлікті соққан. 4 адам ауыр халде ауруханаға түсті. Куәгерлердің айтуынша, трамвай жол бойында тұрған жаяу жүргінші де қағып өтіпті.               

Диля Мұстаянова, оқиға куәгері:

— Бәрін соғып, жапырып тастады. Бір қыз ұшып, айналып түсті. Түсінбей қалдық. Масқара, сұмдық.

Апаттан аман қалғандардың бірі — Сухраб Мамедалиев. Жігіт аударылып түскен көлігінің ішінен әрең дегенде өзі шығып үлгерген.      Ал жүйткіген трамвай тізгінінде ешкім болмай шықты. Қоғамдық көлік о баста Масанчи мен Шевченко көшелерінің қиылысында бұзылып бос күйінде тоқтап тұрған екен.

Самал Жұмаханова, оқиға куәгері:

-Трамвайда жолаушылар болған жоқ, жүргізуші де болған жоқ . Жүргізуші сыртқа шығып кеткенде, трамвай өзімен өзі жүріп кеткен.

Сол мезетте жүргізушісі де сыртта жүрген. Алайда, ақау шыққан көлік кенеттен жүріп кеткен. Сөйтіп, зулаған күйі Байтұрсынов көшесіне бұрылып еңіске қарай одан бетер жылдамдық алған ол 14 көлікті соғып барып әрең тоқтапты.


Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

Трамвайдың  тізгінінде 83-ші жылы туылған жергілікті тұрғын әйел болған. Қазіргі таңда болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы тергеу тобы құрылып, қазір оқиға орнында жұмысын әлі жалғастыруда.

Құлдилаған трамвайдың соңынан тұра жүгірген әйел жүргізуші де қазір ауруханада жатыр. Қоғамдық көліктің техникалық ақауы жөнінде трамвай паркі әзірге үнсіз. Десе де, полицейлер кінәлілерді анықтап, миллиондаған шығынды солардың мойындарына артпақ.