Жарияланды: 460

Алматыда трамвайдан зардап шеккендердің нақты саны белгілі болды

Алматыда тағы да трамвайдың кесірінен болған ірі жол апатынан 5 адам зардап шекті. Біреуінің жағдайы тым ауыр. Оқиға кешкі кептеліс кезінде болды. Жүйіткіген трамвай 14 көлікті жайпап өткен. Ал бұл кезде қоғамдық көліктің жүргізушісі тағы сол ақауды жөндеп сыртта жүрген екен. Бұл осымен трамвайдың кесірінен болған екінші ірі апат. Дегенмен 17 көлікті зақымдаған алдыңғы оқиғаның себебі де әлі анықталмай  отыр.

Қатты жылдамдықпен келе жатқан трамвай алдымен Сейфуллин даңғылында 11 көлікті жайпап, әрі қарай тоқтамастан Байтұрсыновтың бойында тағы 3 көлікті соққан. 5 адам оңбай жараланды. Біреуі тіпті өлім мен өмір арасында жатыр.

Нұржан Исабеков, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі:

- 10 минут шамасында жедел-жәрдем бригадасы жол оқиғасы болған жерге келіп жетті. Жол оқиғасы болған жерден Алматы қаласының медициналық мекемелеріне 5 науқас жеткізілді.

Зардап шеккендердің төртеуі трамвай жолаушылары. Оқиғаны көзімен көргендердің бірі автобус жүргізушісі Мәди Тұрсынбеков. Дер кезінде шешім қабылдаған ол автобустағы 70 адамның да өмірін аман сақтап қалыпты. Айтуынша, трамвайды көре салысымен бағдаршамдағы жасыл түске қарамастан, қозғалмай тұрған.

Мәди Тұрсынбеков, оқиға куәгері:

- Ол жерде мен менікі дұрыс  деп жасылға өткенімде ол кезде автобустың ішінде адам қалмайтын еді. Автобус та қалмайтын еді ол кезде. Анадай жылдамдықпен  20-30 тонна келетін шығар трамвай. Одан адам тірі қалады деп ойламаймын мен.

Апат себептері әзірге айтылмай жатыр. Бір анығы, 14 көлікке зақым келтірген бұл трамвайдың да жүргізушісі тізгінде болмаған. Ол көліктегі ақауды білу үшін жолаушылармен бірге сыртқа шыққан екен. Ал оқиғаның толық мән-жайы жақын арада белгілі болмайтын секілді.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

- Жол апаты кезінде трамвайдың ішінде жүргізуші болмаған. Оның нақты себеп-салдары және болған мән-жайы анықталатын болады. Сараптама кем дегенде 20 күн жүргізіледі. Оның күрделілігіне байланысты 2 айға созылуы мүмкін. Сараптама ғана.

Екінші рет қайталанып отырған жол апатынан кейін, алматылықтар трамвайға мінбек түгілі, жолымен жүруден де қорқып қалған. Таяуда ғана осындай қоғамдық көліктің кесірінен ірі жол апаты болған еді. Ол кезде де жүргізушісі жоқ трамвай өз бетімен зулап, 17 машинанының күл талқанын шығарған. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін