Осылай топ-тобымен жүретін жезөкшелерді Алматыдан жиі кездестіруге болады. Бұрынғыдай көше кезіп жүре алмайтын болған соң, ескі-құсқы ғимараттарды тұрақты мекен етіп алған. Полиция өкілдерінің айтуынша, тән саудасын тоқтату мүмкін емес. Сондықтан, құрығанда олардың ауру ошағына айналып кетпеуін қадағалап отыру керек.
-Қашаннан бері Алматыда жүрсіз?
-7 жыл болды.
-Қашан соңғы рет медициналық тексеруден өттіңіз?
-Жазда.
Алматыда мұндай қыздардың полицияда тіркеуде тұрғандарының өзі мыңнан асады екен. Олардың арасында биыл 98 қызда ВИЧ-инфекциясы анықталып отыр. Өз денсаулығын ойламайтындардың өзгеге жаны ашымайтыны түсінікті. Сондықтан түнгі көбелектердің қызығын қуалаған дені сау азаматтар қапыда дертке душар бола ма деген қауіп бар.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
-Сол жезөкшелікпен айналысатын тұлғалардың көбісі басқа елдің тумалары болып шығады. Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген азаматшалар. Олар, әрине, ешқандай медициналық тексеруден өтпейді. Өздерінің сөздеріне қарағанда, жарты, бір жылда өтеміз дейді. Ол қаншалықты рас екені беймәлім.
Сондықтан полицейлер СПИД-ке қарсы орталық мамандарымен бірге арнайы рейдтер жүргізіп, жезөкшелерді тұрақты медициналық тексеруден өткізуді қолға алып отыр. Осылайша заң қызметкерлері мәселенің себебімен емес, салдарымен ғана күресуге мәжбүр. Өйткені елімізде жезөкшелікті шектейтін заң жоқ.