Жарияланды: 490

Алматылықтар қуыршақтар әлеміне саяхат жасады

Қала күні аясында бүлдіршіндер асыға күткен халықаралық қуыршақ фестивалі өтіп жатыр. Шараға өз өнерпаздарымыздан бөлек әлемнің 7 елінен келген 10 театр ұжымы қатысуда. Мұнда қолөнер шеберлері жасаған қуыршақтар көрмесі де ұйымдастырылған. Ал, ертең 5 күнге созылған шараның соңғы күні.

Төртінші рет ұйымдастырылған фестиваль қала күні аясында бүлдіршіндерге базарлық сыйлады. Дәстүрлі шараға отандық өнерпаздардан бөлек Германия, Грекия және Үндістан сынды елдерден келген қуыршақ театрлары қатысып жатыр.

Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, Қазақ мемлекеттік қуыршақ театрының директоры:

- Кішкентай балаларға ертегі сыйлап жатқандығымыз, қуаныш сыйлап жатқандығымыз, мейірімділік сыйлап жатқандығымыз, яғни біздің еліміздің орнын білдіретін, жалпы біздің халқымыздың орнын білдіретін үлкен дүние ғой деп ойлаймын.

Ал мәдени шара мемлекеттік қуыршақ театрында кездейсоқ ұйымдастырылған жоқ. Фестиваль қала күні және мемлекеттік қуыршақ театрының 80 жылдығына орай өтуде.

- Театр іші қуыршақтар әлеміне айналғандай. Әдеттегідей, фестиваль аясында көрнекі қуыршақтар көрмесі өтіп жатыр. Мұнда қойылған туындылардың бәрін де отандық шеберлер өз қолдарымен жасаған. Келген қонақтар қызықтап қана қоймай, өздеріне ұнаған қуыршақты сатып алады екен.

Мұнда келушілер саны жыл сайын көбейіп келеді. Ал, жансыз бейнеге қимыл сыйлаған қойылымдар үлкенді де, кішіні де тәнті етпей қоймады.

Арыстан Кожантов, Алматы қаласының тұрғыны:

- «Тігінші» деген спектакль бар мына жерде өткізіп жатқан, бұл Израильден келген қонақтарымыз. Солар жақсы өткізеді, өте жақсы қойған.

Ертең Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан шараның соңғы күні. Балалар әлеміне саяхат жасағыңыз келсе, қуыршақ фестивалінен сіз де құр қалмаңыз.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін