Америкада сотталған Қазақстан азаматтары жазасын елімізде өтеу мүмкіндігін алады
![]() |
Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. |
Онда депутаттар «Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.
Конвенцияға сәйкес, бір қатысушы мемлекетте екінші қатысушы мемлекеттің азаматына қатысты шығарылған үкімді сотталған адам өзі азаматы болып табылатын мемлекетте өтей алатын мүмкіндіктер қарастырылады. Бұл ретте сотталған адамды бір мемлекеттен екінші мемлекетке беру үкім шығарған мемлекеттің сұрау салуы, қабылдаушы мемлекеттің сұрау салуы немесе сотталған азаматтың өзінің сұрау салуы негізінде жүргізіледі. Ол үшін сотталғандарды беру туралы сұрау салуды орталық органдар қарауға тиіс немесе ондай органдар болмаған кезде консулдық, дипломатиялық арналар арқылы қаралуға тиіс.
«Заң жобасына сәйкес, біз Америка елдерінде сотталған азаматтарымызды қайтарып, қалған жазаны елімізде өтеуге мүмкіндік бере аламыз. Бірақ, бұл үшін бірқатар талап бар. Біріншіден, сотталғанның өзі соны қалауы қажет, оның еркі болмаса мәжбүрлеп әкелінбейді. Екінші талап - екі жақтың Қазақстанның да, Америка елдерінің де тиісті органдарының келісімі керек. Мұнымен қатар, сотталғанның іс-әрекеті екі елде де қылмыс болып танылуы тиіс. Бұдан бөлек, өлім жазасы болмауы қажет және қалған жазаның мерзімі кемінде алты ай болуы шарт», - деді ҚР Бас прокурор орынбасары Жақып Асанов.
Оның айтуынша, конвенцияда сотталғандарды беруден бас тартатын жағдайлар да қарастырылады. Тұтастай алғанда, конвенцияға Америка құрылығының 16 елі қосылған. Бұдан кейінгі кезеңдерде үш мемлекет қосылмақ. Осылайша, Қазақстан бір конвенцияны қабылдау арқылы бір мезгілде 19 елмен қарым-қатынас орната алады деген сөз. Айта кетерлігі, соңғы төрт жылда Қазақстан тура осындай 19 шартқа қол қойған болса, бүгінгі күні 28 елмен келіссөздер жүргізіліп жаты екен.
Заң жобасы палатаның алдағы жалпы отырысына шығарылатын болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін