Жарияланды: 170

Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккендерге жаңа пәтерлер берілді

Ақмола облысында көктемде алапат тасқыннан зардап шеккен жүздеген отбасы үйлеріне толық орналасып болды.  Нұра өзенінің тасыған топан суынан баспанасы қираған жұрттың сөйтіп көңілі орнына түсті. Уәде етілген үйлерге су, жарық , жылу тегіс  тартылған.  Ал арманға айналған дайын пәтерлеріне жұрт жаппай қоныстанып жатыр.

Қосшы ауылында тұрғызылған 5 қабатты 45 пәтерлі үйге жұрт буынып-түйініп көшіп келіп жатыр. Мұнда тасқыннан қатты қираған Ағанас ауылының тұрғындары тұтас қоныс аударған. Табиғат апатынан  айтарлықтай зардап шеккен Оразақ жұртының біразына да осы жерден   жаңа пәтер бұйырды. Көп күттірген қоныс тойына орай әр шаңырақта қазан қайнап, ет асылуда.

Кеңес Мұқашев, Қосшы ауылының тұрғыны:

-Үйдің сапасына көңілім толады. Су келіп тұр, тоқ плитаны қойдық,су ысытатын құрылғыны қойды.Бұл біз адамбыз ғой. Өмірі тоймаймыз. Бізге жақсылық істей берсін деп айта береміз. Осыдан артық не керек?

Тасқыннан бір сәтте далада қалған қараша халықтың тәубесіне түсетін реті бар. Себебі бүгін Қосшыдан бөлек, жұрт Ақмолдан ескі үйлерінің орнына  су жаңа 45 пәтердің кілтін алды.

Алапат тасқыннан ең көп зардап шеккен осы Оразақ ауылы  еді. Топан су мұнда 200-ден астам шаңырақты шайып кеткен болатын.Енді айтып келмейтін апат келер жылы қайталанбасы үшін биіктігі 4 метр, ұзындығы 4 жарым шақырымға созылатын  мынадай бөгет салған.

Ал мынау көктемде жолы, көпірімен қоса үйлерін су шайған Оразақ ауылы. Бар болғаны бірнеше айда мұнда 200 отбасыға жаңа үйлер салынып, құрылысы уақытында бітті. 

Қадырхан  Отаров,  Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары :

-Оразақтағы ауыл бұл жаңа жерден салынған ауыл. Әрбір пәтерге жарық берілді,су кірді, кәріз құбыры бар. Келесі жылы Оразақ ауылын көгалдандырып үлгілі ауылға айналдырамыз.

Жалпы, көктемгі тасқын кезінде Ақмола облысының 8 ауданында 400-дей үйді топан су басқан еді. Толық қирамағандарына  қайта жөндеу жасалды, ал қалпына келтіруге жарамайтындықтан жалпы саны  330 баспана жаңадан салынған. Бұл үшін республикалық және облыстық бюджеттен 5 миллиардқа жуық ақша жұмсалыпты. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін