Қазірдің өзінде облыс бойынша 12 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алған. Облыстық бюджет есебінен бөлінген қаржыға 1 қазаннан бастап, 1 желтоқсан дейін халық көп шоғырланған елді мекендердегі тұрғындарға екпе егу жоспарланған. Оның ішінде жүкті әйелдерге де екпе жасау қарастырылған.
Көп жылғы талдау көрсеткендей мамандар Ақмола облысы аумағында тұмаудың эпидемиологиялық маусымы қазаннан сәуір айына дейін жалғасатынын болжап отыр.
Осы мақсатта тұмауға қарсы екпе егу үшін 2015-2016 жылдарға облыстық бюджеттен 3 миллионнан астам теңге қаражат бөлініп, 48 мың мөлшер (доза) сатып алынған.
Бұл ретте, Нидерландылық «Инфлювак» вакцинасы пайдаланылып отыр. Вакцинаның құрамында A(H3N2) және А(H1N1), сондай-ақ, тұмаудың В типті түріне қарсы әрекет ететін антигендік штамм бар.
Вакцинаны негізінен (асқынған өкпе, жүрек-қан тамырлары, иммунитеті төмен, жиі-жиі ауыратын балалар мен балалар үйі, мектеп-интернатының тәрбиеленушілері және қариялар үйі мен медицина қызметкерлері, жүкті әйелдерге) егу көзделген.
«Бүгінгі күні Ақмола облысы бойынша 12 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алған. Сонымен қатар, қосымша жұмыс берушілердің жеке қаражаты есебінен де екпе алу қарастырылған. Ақылы екпені Көкшетаудағы №1 және орталық қалалық емханасында алуға болады. Мұндағы вакцинаның құны 1800 теңгені құрайды.
Вакцинаның қорғаныс әсері екпе алғаннан кейін 14 күн өткен соң басталып, 6 айдан 12 айға дейін жалғасатын болды. Жалпы, бүгінгі күні Ақмола өңірінде тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты», — дейді Ақмола облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің баспасөз хатшысы Үміт Таңдаева.