Жарияланды: 430

Ақмола облысындағы бүтін бір ауыл мәдениет үйінсіз қалды

Ақмола облысындағы бүтін бір ауыл мәдениет үйінсіз қалды. 500-ден аса халқы бар Гранитныйдағы жалғыз өнер ошағын жеке кәсіпкер бір күнде бұзып тастаған. Дәл орталықта ойраны шыққан ғимарат ауыл балалары үшін қауіпті орынға айналды. Тұрғындардың алаңдауы тегін емес. Бұған дейін де бір жасөспірім осындай нысанның бірінен құлап, үйінді астында мерт болған. Енді сол оқиға қайталана ма деген жұрт, ең болмаса, ғимарат орнын тегістеп тастауын

сұрады.

Көкшетау іргесінде тұрған Гранитный ауылындағы мәдениет үйінің сахнасында не қойылым, не концерт өтпегелі талай жыл болған. Қараусыз қалған өнер ошағын ақыры кәсіпкер жекешелендіре қойыпты. Сөйтіп, бір кеште келіп, тас талқан еткен.

Екатерина Дмитриева, Гранитный ауылының тұрғыны:

- Өкінішті әрине. Біз үшін ыстық еді, балаларымыз осы клубқа барып өсті ғой. Қоғамдық орын ғой. Неге оны бұзуға рұқсат береді?

Айзат Тұрғынбекқызы, тілші:

- Мына мәдениет үйінің ғимаратында осыдан 5 жыл бұрын ғана сайлау өткен. 50 жыл болған ауыл клубында талай өнерпаз концерт қойып думандатып жатушы еді деп еске алады тұрғындар. Енді, міне, ауылдағы жалғыз мәдениет ошағының ойраны шығып жатыр. Бұзуға келгендерден қорғамақ болып барып едік,бірақ қолымыздан келмеді деп өкінеді ауыл жұрты. 

Қазаншының өз еркіне салған жеке кәсіпкер мәдениет үйін 2005 жылы заңдастырып алған. Бұл ғимаратты сатып алу үшін небәрі 600 теңге төлепті. Тұрғындар қарсылығына қарамастан, қирата жөнелген мүлік иесінің беталысын көрген жұрт енді, тым болмаса, орнын жинап кетсін дейді.

Гүлбаршын Сәрсенбаева, Гранитный ауылының тұрғыны:

- Бұл жерден могила артық. Ауылдың зираттарын көрдіңіз бе ол әдемі, сырланған, боялған. Аруақтар риза шығар. Мына жерде тірі адамдар тұрады ғой. Мынау дегенің сұмдық!

Дәл ауыл мектебінің жанындағы қираған мәдениет үйі оқудан шыққан балалардың ойын алаңына айналған. Осыны көрген жұрт қайғылы жағдай орын алмай тұрып, қирандыны тегістіп беруін сұрап отыр. Алайда бұл өтінішке кәсіпкер де, атқамінерлер де құлақ асар емес. 

Серік Сабыров, Қонысбай ауылдық аймағының әкімі

- Жеке меншікті азаматтыкі. Бұл кісілермен талай сөйлескем. Сатып алайық, сата ма бізге деп. Бұзуға заң бойынша ауданнан олар постановление алу керек. Аудан әкімінен. Ол рұқсаты бар, сондықтан ештеңе істей алмаймыз.

Мәдениет ошағын бұзған кәсіпкер орнына ештеңе тұрғызбайды екен. Оған тек нысанның құрылыс материалдары қажет болыпты.   

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін