Жарияланды: 370

Ақтауда алабайдың құлағы мен құйрығы дауға себеп болды

Алабайдың дұрыс кесілмеген құлағы үлкен дауға себеп болды. Ақтауда мектеп оқушыларының ата-аналары иттің дене мүшесіне бола қырқысып жатыр. Бірі «балаң асыл тұқымды күшікті қорлап, алмасаңдар өлтіремін деп елдің аянышын тудырып сатты» десе, екіншісі «итке бола ұлымның өмірін қатерге тіктің» деп оны сотқа бермекші. Дауға енді прокуратура араласып, жасөспірімнің күшікті қорлаған-қорламағанын анықтамақ.

Екі баланың ата-аналарының мектеп директорының бөлмесінде бас қосуына ит себеп болды.11-ші сынып оқушысы әлеуметтік желіде алабай күшігін қорлағанын мақтана жазған. Итті тез сатып алмаса, тағы басқасын «қан жоса» етемін депті. Мұны көрген сыныптас қыз анасын араға салып, күшікті сатып алады. Бірақ жануар жанашыры өзін көрсетпеуді өтініп отыр.

Александра, оқушының анасы:

-Күшік көз алдымызда өліп кете жаздады. Біз оны ветеринарға алып барып, жарасын таңдырдық. Құлағы құрттап кеткен, құйрығы шошайып тұр. Дәрі салып, әрең аман алып қалдық.

Күшіктің «құлағын кесіп құнтитып, құйрығын кесіп шұнтитқан» Елена Мисриеваның ұлы. Ол «балам өзіне сыйға тартылған алабайдың дене мүшесін дәстүрге сай, досына кестірген» дейді. Бірақ онысын «ерлік» көріп, «итті қорладым» деп жалпақ жұртқа жар салуы әбестік екенін мойындады. Алайда соған бола шу шығару да орынсыз деп отыр.Құлақ пен құйрықтан айырылған күшік туралы әңгіме әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен.

Елена Мисриева, оқушының анасы:

-Иттің құлағын дұрыс кеспегені үшін енді менің баламның өміріне қауіп төніп тұр. Ғаламторда ұлымның құлағын кесеміз, мойнын үземіз деушілер көбейді. Айтыңызшы, сіз қазақсыз ғой, осы қазақ ауылдарында алабайдың құлақ, құйрығын кескенде ветеринар, хирург шақырмайтын шығар?!

Енді күшік дауына прокуратура араласа бастады. Олар оқушының жануарды қорлаған-қорламағанын анықтамақ. Ал, «құлақкескіш» жасөспірімнің анасы әлеуметтік желіде дүрбелең тудырғаны үшін жануар жанашырларын сотқа бермек. Құлағы мен құйрығынан қағылған күшік болса, қазір аман-сау өсіп келеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін