Жарияланды: 450

Ақтөбе облыстық кеденшілер ұстаған радиоактивті жүк кәдеге жарату үшін Қызылордаға жөнелтілді

Ақтөбе облысындағы "Мартық" кедендік бекетінде ұсталған радиоактивті жүк арықарай кәдеге жарату мақсатымен жүк жіберушінің өзіне қайтарылды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

5-қыркүйекте "Мартық" кедендік бекеті арқылы өтуге әрекет жасаған "Мерседес" жүк тасушы автокөлігіне тиелген жүктің радиоактивтілік деңгейін тексерген кезде гамма-сәулесінің мөлшері шектеулі шамадан 31 есе артық болып шыққан. Сәуленің күші 620 мкр/сағатты құрады. Жүкті жіберуші Қызылордадағы "Мустанг-2001" ЖШС болса, қабылдап алушы - Литваның Клайпеда қаласындағы "Косма" компаниясы болып табылады. 8-қыркүйек күні кешкісін жүк тиелген көлік Қызылордадағы жүк жіберушінің қолына жетті. Ендігі жерде металлдарды түсіріп, сорттап радиоактивті көзді табу қажет. Қазіргі жағдаймен аталмыш оқиғаның анық-қанығына жету үшін Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті, облыстық СЭС және облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма өкілдерінен комиссия құрылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін