—Төрт пәтерлі бұл барак үй осыдан жүз жыл бұрын салынған. Қабырғалары қақырап, төбесі құлағалы тұрған еді. Күн сайын тұрғындар үреймен өмір сүріп келгендерін айтады. Дегенмен, өрттің кесірінен бір күнде баспанасыз қаламыз деп мүлдем ойламаған.
Бұл үйдің тұрғындары бұған дейін де сергек жататын. Себебі ескі баспананың астында қалу қауіпі басым еді. Сол сақтықтарының арқасында өрттен аман қалыпты. От түн жарымында қабырғаларды бойлай тұтанған.
Василий Курбела, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Көршілеріміз келіп оятып алды. Дәліз өртеніп жатыр екен. Үлгергенімізше үстімізге киімімізді іліп, балаларымызды алып атып шықтық. Отты ешкім байқамағанда түтінге тұншығып қалатын едік.
Қақаған қыста далада қалған екі отбасы туыстарының үйін сағалап жүр. Бірінің екі баласы бастауышта оқиды. Екінші отбасындағы жас келіншектің аяғы ауыр. Бір жарым жастағы баласы тағы бар.
Сәбира Елғожина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Баратын жеріміз жоқ. Тумаларымыздың үйінде жүрміз, ана жер мына жерге қаңғып. Халықтан көмек сұраймыз. Өкіметтен көмек сұраймыз баспана берсін. Мына аязда қайда барамыз?
Өрттің пештен шығуы мүмкін деген болжам айтады мамандар. Себебі бұл үйге газ жүргізілмеген. Әйтсе де тексеру әлі жалғасуда.
-Мынау көршілеріміздің үйі. Біздіңбөлмеге осы жерден кіреміз. Мына жерге от жағып жүрдік газ болмағасын.
Бұл үйдегі төрт пәтердің біреуі ғана өрттен аман қалған. Тағы бірінің тұрғындары бұрын көшіп кетіпті. Ал тентіреп қалған қос отбасының кезек бойынша ғана баспана алуға мүмкіндіктері бар дейді шенеуніктер.