Жарияланды: 220

Ақтөбеде мемлекеттік бақшалар қызмет құнынжаппай көтеріп жатыр

Ақтөбеде мемлекеттен қолдау көріп отырған жекеменшік балабақшалар қызмет құнын жаппай көтеріп жатыр. Қазынадан бөлінетін қаражат көлемі қысқарған соң, бүлдіршіндердің күтіміне де ақша жетіспей осындай шешімге келдік дейді басшылары. Бұған әрине ата-аналар қарсы. Ал білім бөлімі жекеменшік мекемелердің жұмысына араласа алмайтындарын жеткізді.  

Ақтөбедегі үш мыңға жуық тұрғыны бар «Болашақ» ықшамауданында жалғыз балабақша бар. Оның өзі жекенің қолында. Дегенмен, мемлекетпен әріптестік негізде жұмыс істеуге келіскен. Сол үшін субсидия алады. Енді олар да қызмет құнын екі есеге көтермекші.

Бибінұр Батырғалиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

-Баланы тастайтын жеріміз жоқ. Өзіміздің табатынымыз 50 мың теңге. Екі балаға 32 мың теңге бергенде мен ар жағында немен күн көру керекпін.

Балабақша иелері қызмет құнын көтеруден басқа амалымыз жоқ деп отыр. Өйткені Үкімет қазынадан бөлінетін қаражат көлемін қысқартып тастапты.

-Қыркүйек айына дейін жекеменшік балабақшаларға әр бала үшін мемлекеттен 20 мың теңге аударылып келген. Кейін оны 4 мыңға азайтыпты. Ал Ақтөбеде қазынадан осылай қолдау көріп отырған 29 балабақша бар болса, солардың барлығы енді қызмет құнын қымбаттатуға мәжбүр.

Ал жергілікті шенеуніктер жеке балабақшалардағы бағаны реттеуге еш араласа алмайтынын айтады. Сондықтан ата-аналарға жаңа бағамен келісуден басқа амал жоқ. Болмаса орынды босату керек дейді білім бөліміндегілер.

Жеңіс Қосжанов, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Жеке балабақшаларға біз араласуға ешқандай құқығымыз жоқ. Бірақ қазір мына жан-жаққа ұсыныс беріп жатырмыз. Оның қаншалықты қандай нәтиже беретіні 2016 жылдың еншісінде.

Қазір Ақтөбеде 32 мың бүлдіршін балабақшаға бара алмай отыр. Енді олардың қатарын ақы төлей алмағандар толтыруы мүмкін. Өйткені, айына кемі 20 мың табуды кез-келгеннің қалтасы көтермесі анық. Ал салынып жатқан мемлекеттік балабақшалар саны тым аз. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін