«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау мен өткізу бойынша Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы болды. С.Ахметов назарды Президенттің таяуда Ақордада ЭКСПО-2017-ні дайындау мен өткізу мәселелері бойынша өткен кеңесте айтқан тапсырмаларына аударды. «Көрме шығынсыз болуы қажет, барлық павильондардың көрмеден кейінгі жұмысы ұлттық компаниялар үшін, тұтастай алғанда мемлекет үшін тиімді болуы тиіс», — деді С.Ахметов. Ол сондай-ақ ЭКСПО-ға дайындық туралы іс-шараларды жариялау бойынша ақпараттық-имидждік жұмыстарға креативтік тәсілдерді қолдану, тиісті заң жобаларын мерзімінде дайындау қажеттігін атап көрсетті.
***
Үкіметтің үстіміздегі жылдың 9 айында жасалған жұмыс қорытындысына арналған жиында Елбасы Н.Назарбаев Қарағандыда «Фермер» ұшағын құрастыратын зауыттың бар болғаны 1 аэроплан шығарғанын, мақта шикізаты жеткізілмеуі салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма фабрикасының жұмысы отандық мақта экспортқа шығарылып жатқанда тоқтап тұрғанын тілге тиек етті. Елбасы өндіріс қуатын ұтымды орналастыру талаптары сақталмай отырғанын айта келіп, Астанада электровоздар, ал Павлодарда жүк вагондары мен жартылай вагондар шығаратын зауыттың ашылғанына қарамастан, Қарағандыда тағы бір балама кәсіпорын салу жоспарланып отырғанын сынап өтті. Расында да жыл сайын іске қосылып, арада біраз уақыт өткен соң жұмысын тоқтатып жатқан кәсіпорындар саны көп-ақ. Сол өндіріс ошағын іске қосу үшін қаншама қаражат жұмсалды. Демек, соның бәрі желге ұшты деген сөз. Ашылған өндіріс орындары неге өміршең емес? Оның аяғынан тік тұрып, жұмыс істеп кетуіне не кедергі? Міне осы сауалдарға «Айқын» газетінің бүгінгі санында экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов пен БҒМ экономика институты Астана филиалының директоры Жангелді Шымшықов жауап беруге тырысқан. Мәселен, Р.Алшанов: «Жалпы, жобалар асығыс жасалады. «Бұл өндірістің өнімін ертең кім алады? Ол нарықта қаншалықты сұранысқа ие?» деген мәселелер түпкілікті зерттелмейді. Жобаларды жасағанда шикілік бар. Қомақты ақша алу үшін жобаны өтірік жасай салады», — десе, Ж.Шымшықов: «Бізде қазір көзбояушылық басым. Кейбір басшылар жоғарыдағыларға жағыну үшін жорта, жалған кәсіпорындарды іске қосады. Тексерілмеген, болашағы белгісіз, өміршеңдігі алдын ала есептелінбеген жобалар қолға алынады. Мұның бәрі бұрыннан қордаланған, дәстүрге еніп қалған, әдет болып кеткен көзбояушылықтың бір көрінісі. Айналып келгенде, бұдан зардап шегетін бүкіл экономикамыз, еліміз», — дейді. Мақала «Ашылған өндіріс орындары неге өміршең емес?» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда саясаттанушы Ерлан Қаринның мақаласы «Нұр Отан» өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты» деген тақырыппен берілген. Мақала авторының пайымынша, партиялық алаңдағы негізгі ойыншылар кезекті сайлауға дейін құрылымы мен тактикасында қандай да бір өзгерістер жасап үлгеру үшін сол өзгерістерге қазірден бастап кірісу қажет екенін бәрі жақсы түсінеді. Оның үстіне, келесі электоралдық науқан мазмұны, қолданылатын құралдары жағынан айтарлықтай өзгеше болатыны күмәнсіз. «Атап айтатын болсам, егерде сайлауалды насихат жұмыстарында бұрын теледидар мен газеттерге басты назар аударылса, қазіргі уақытта интернет технологиялары алдыңғы қатарға шыққаны сөзсіз, сондай-ақ, әсіресе, қазақтілді секторда қызу пікірталас орнайтыны да даусыз. Келесі электоралды циклдің маңызы ерекше маңызды болары да түсінікті. Өйткені бұл науқанның нәтижесінде, болашақтағы партиялық жүйенің ғана емес, бүкіл саяси жүйенің кескіні айқындалатыны да айқын. Сондықтан да дәл қазір партиялардың алдында жаңару мен жаңғыру мәселелері өткір күйінде тұр. Сондай-ақ бұрынғыдай барлық ойыншылар «Нұр Отанға» қарап бой түзеп, яғни болашақ стратегиясын билік партиясының бүгінгі қадамдарына байланысты ойластыратын болады», — деді ол.