Жарияланды: 280

Астана жаңа жұмыс кестесіне ақыры ауысатын болды

Астана әкімдігі райынан қайтпай отыр. Екі аптадан соң  мемлекеттік мекемелер мен кейбір компаниялар жаңа жұмыс кестесіне ақыры ауысатын болды. Олардың қатарында мектептер де бар.

Шаһардағы  көлік кептелісін азайту үшін 17 мектепте сабақ таңғы 7:40-та басталады деп бұған дейін де айтылған еді. Алайда ата-аналар бұл ұсынысқа мүлдем қарсы шыққан. Кейін прокурорлар да сабақты таңғы сағат 8-ден ерте бастау заңға қайшы екенін  хабарлаған болатын. Елордалық атқамінерлер құқық қорғау орындарының ескертуіне қарамастан қаладағы бірқатар мектептің сабақ кестесі өзгеретінін мәлімдеді.  Сондай-ақ, жуырда мемлекеттік мекемелер мен кейбір компаниялардың да жұмысы 7:40-та басталады. Қазір жаңа жүйеге дайындық жүріп жатыр екен. Жалпы, Астанада он жыл бұрын да жұмыс кестесі ауысқан еді. Бірақ нәтижесіз болып, ескі уақытқа қайта ауысты.

Талғат Ардан, «Астана LRT» ЖШС директоры:

-  Жеке компанияларға жаңа  кестенің қатысы жоқ. Мәселен, құрылысшы жұмысын қай кезде бастаса да өзі біледі. Негізі мемлекеттік мекемелер мен кейбір кәсіпорындарда өзгеріс болады. Яғни,  біреулер жұмысқа жарты сағат бұрын келіп, түскі үзіліске ерте шығуы мүмкін. Қалалық жоспарды жақында жариялаймыз. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін