Интернет-алаяқтар арам ойларын өте қарапайым әдіспен жүзеге асырған. Алдымен «арзан бағаға пәтер сатамын» деп жарнама береді. Үй иесі бірден шетелде тұратынын ескертеді екен. Сөйтіп, хабарласқан адамның төлем қабілетін тексеремін деген желеумен өз шотына қыруар қаржы аударуын сұрайды. Аңқау жұрт еш ойланбастан жиған-терген ақшасын банктегі жеке шотына салып, түбіртегін жалған сатушыға жіберіп отырған. Ал, алаяқтар сол бір тілім қағазға қарап түскен бар қаржыны интернет арқылы жымқырып келген.
София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы:
-Сатушылардың айтуы бойынша, олар уникалдық тиісті кодтарны көрсетпеген, сол себеп болған шығар олардың сеніп қалуына. Қазіргі кезде осы фактілер бойынша тергеу жүріп жатыр. Азаматтар, тұрғындар абай болу керек.
Интернет-алаяқтардың арбауынан аман қалғанғандардың бірі – 25 жастағы Евгений. Көптен бері пәтер іздеп жүрген жігітке ғаламторда белгісіз біреулер төмен бағаға баспана сатамын деп сендірген. Ол үшін Евгенийдің өз шотына 5 мың доллар салуды сұрапты.
Евгений Коновалов, Астана қаласының тұрғыны:
-Әйелім екеуіз жарты жылдан бері баспана іздеп жүрміз. Ғаламтордан жақында бағасы арзандау пәтер таптым. Иесіне хабарлассам, алдын ала өз шотыма ақша аударуымды талап етті. Мен бірден күмәнданып қалдым. Ал, бүгін интернет-алаяқтар туралы ақпарат шықты. Яғни, менің де алданып қалуым мүмкін еді ғой.
Ал, IT мамандардың айтуынша, астаналықтарды тақырға отырғызып кеткен интернет-алақатарды қолға түсіру өте қиын. Оларды электронды мекен-жай арқылы анықтау да екі талай екен. Өйткені, ғаламторда ашылған сайт немесе дүкенді кез-келген уақытта өшіріп тастауға болады. Оны кейін ешкім дәлелдей де алмайды. Мамандар тіпті Астанада арзан пәтер сатқан интернет-алаяқтар шетелде емес, Қазақстанда отырып-ақ жұртты алдап соғуы мүмкін деп отыр.
Нұржол Табиғат, IT маманы:
-Сіз Қазақстанда отырып, яғни Франциядан қатынап отырған адам сияқты отыра беруге болады. Ондай бағдарламалар көп, жолдары да бар.Сондықтан ең бірінші құқық қорғау орындарымен қылмысты ашуды емес, одан қорғануды ең бірінше кезекті үйрену керек. Барынша сауатты және қарапайым логикаға салу керек. Және кез-келген жарнамаға мән бере беруге болмайды.
Сондай-ақ, мамандар банк карточкасын да ешкімге көрсетпеуді ескертеді. Өйткені, оның көшірмесі арқылы да төлем жүргізудің жолы бар екен. Ал, астаналық полицейлер қазір арзан пәтер сатамын деп қаншама адамды тақырға отырғызып кеткен алаяқтарды іздеп жатыр. Күдіктілер қолға түссе, кем дегенде 10 жылға бас бостандығынан айырылады.