Жарияланды: 430

Астанада бұрынғы әйелін тірідей өртеп жіберген азамат қолға түсті

Астанада бұрынғы әйелін тірідей жағып жіберген азамат өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сақшылар оны төрт  айға жуық іздеп, Елордада маңындағы Қабанбай батыр ауылында қолға түсірді. Күдікті осы уақытқа дейін жақындарының  үйінде  жертөледе  тығылып жүрген екен. Қазір өз әйелін  өлтірген адамды жасырып келген туыстарына да қатысты тергеу жүріп жатыр. Ал Қанат Сәдуов уақытша тергеу абақтысында. 

Сақшылар Сәдуовті дәл осы үйде қолға түсірді. Бұл – оның Астанадан 30 шақырым жердегі Қабанбай батыр ауылында тұратын  туысының үйі. Полицейлер жертөлені тінтіп жүріп, қызанақ жабылған банкілердің арасынан ер адамның бас киімін байқапты. Кейін жердің астынан  қазып салынған  ұзын жолды көреді. Сөйтсе, бірнеше айдан бері іздеуде жүрген  Сәдуов осында жасырынып  келген көрінеді.

Бауыржан Маушаев, Астана қаласы ІІД бөлім басшысының орынбасары:

-  Ұстау кезінде Сәдуов Қанат ешқандай қарсылық көрсетпеді. Қазақстан территориясының аймақтарында барлық туыстары, жолдастарын тексеріп, 14-қыркүйекте тергеу барысында ұсталды.

Ескі үйге таласып, туған балаларының анасын жағып жіберген азамат қолына кісен салғанда да  сыр бермеді. Ал, марқұм Светлана Сәдуованың  туыстары Қанат Сәдуовті жақындары жасырып отырғанын  айтып талай рет шырылдап еді. 

Айгүл Дәрменова, марқұмның әпкесі:

- Қанаттың туған ағасы Қайрат Сәдуов Астанадағы ІІД-де  жұмыс істейді. Сол жасырып отыр. Өйткені, тура қайғылы оқиға болған күні, 26,27,28, мамырда Қанат Астанадағы дүкендерде еркін  арақ сатып алып жүрген. Сол кезде сақшылар қайда қарады?

Қанат Сәдуовті жасырып келген туыстарына да қатысты тергеу басталыпты. Бұл іске полицей ағасының қатысы бар екені дәлелденсе, ол да жазалануы мүмкін дейді әріптестері.

Бауыржан Маушаев, Астана қаласы ІІД бөлім бастығының орынбасары:

- Егер Сәдуовты  полицей  ағасының жасырғаны анықталса, онда Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылады. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.Нақты кінәлілер анықталған жоқ.

Жантүршігерлік оқиға мамырда болған еді. Қанат Сәдуов Астанадағы мектептің қасында бұрынғы әйелін жұрт көзінше жағып жіберген. Өртке оранған келіншекті өтіп бара жатқандар әрең өшіріп алған. Ал Сәдуовтың өзі із суытып үлгерген болатын. Марқұм келіншек ауруханада жансақтау бөлімінде жатып көз жұмды. Ал артында төрт баласы жетім қалды.

Халықаралық іздеу жарияланған Қанат Сәдуовті төрт ай бойы отандық сақшылар ғана емес, ондаған шет елдің полицейлері де таппай әуре болды.  Ақыры қолға түскен күдікті қазір уақытша тергеу абақтысында отыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, сот Сәдуовке кем дегенде 25 жыл жаза кесуі мүмкін, тіпті оның өмір бойы бас бостандығынан айырылуы да  ғажап емес. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін