Астанада той кортежіне мініп жарыс ұйымдастырғандар жазаланды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада той кортежіне мініп жарыс ұйымдастырғандар жазаланды

Астанада той кортежіне мініп жарыс ұйымдастырғандар жазаланды

Астанада тағы бір лауазымды шенеуніктің ұлына қатысты үлкен дау шыққалы тұр.

  • 29 Қыркүйек 2015
  • 462
Фото - Caravan.kz

Себебі үйлену тойына жиналған қонақтар Астананың басты көшелерінің бірінде, нағыз жарыс ұйымдастырған. Қымбат шетелдік көліктерден құралған үйлену тойының кортежі, жол ережесін өрескел бұзып, тіпті қарсы бағытта артпен жүйткіп жұрттың зәресін алды. Жастардың еркінсігені сонша, қатты жылдамдықпен келе жатқан машинадан шығып селфи  жасаған. Тек құдай сақтап, апат болған жоқ.

Қымбат джип пен бірнеше сүліктей қара Мерседес мінгендер Астанадағы ең үлкен даңғылда ойларына келгендерін істеп жүр. Той кортежі  көшенің кез-келген жерін көлденең кесіп, ішіндегі жастардың еріккендері соншалық көліктен беліне дейін шығып селфи жасаған. Алдыңғы қатардағы ақ джиптер тіпті артпен жүріп жұртты шошытты. Ал, көліктердің жаңғырған дабылы құлақты жарардай.

Күйеу жігіт пен қалыңдық және қонақтар мінген ондаған темір тұлпар көше бойындағы қаптаған камераны пысқырмаған да. Тал түсте кортежге Астананың қақ ортасында ойқастауға рұқсат еткен Ішкі Істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы – Бақытжан Балташевтың ұлы деген ақпарат бар. Дөкейдің баласы үйлену тойын есте қалардай өткізгісі келген арманына жетті де.

Батырлан Есенбай, Астана қалалық ІІД бастығының орынбасары:

-Бұл жерде адам жараланып немесе қаладағы ғимарат, нысандар қирап қалған жоқ. Әкімшілік заңбұзушылық болған,  яғни бірнеше жол ережесі бұзылған. Соған сай әрбір кінәлі адам жауапқа тартылады.

Жалпы, той кезінде көліктердің ереже бұзуы қалыпты жайт. Бірақ жұрттың зәре құтын қашырған бұл кортеж өздеріне сенімді ешкімнен сескенбей армансыз ойқастаған. Видеоны мұқият қарап шыққан сарапшылар жол ережесін бұзған жастарды тоқтауға полицияның дәті бармаған деп отыр.


Руслан Лазута, «ОСА» бірлестігінің төрағасы:

-Бұлар жазасыз қалуы да мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, бізде көбіне мұндай жағдайда әке-шешесінің лауазымына қарай жауапқа тартылады. Меніңше, бүкіл көлікті жинап айып тұрағына қамау керек, ал ішіндегілерді 15 тәулікке абақтыға жапқан дұрыс.

Әрине, той кортежін жарысқа айналдырғандар абақтыға қамалған жоқ. Полицейлер 9 қонақты, яғни көлік жүргізушілерін  ұстап, оларға жарты миллион теңге айыппұл салып үлгерген. Ал тәртіп бұзушының лауазымды шенеуніктің ұлы екендігі расталған күннің өзінде, әкесі баласы үшін жауап бермейді. Ішкі Істер департаментінің ресми ұстанымы да осындай.