Атырау облысында мүгедектер отбасы өлместің күнін кешуде - kaz.caravan.kz
  • $ 459.75
  • 494.14
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырау облысында мүгедектер отбасы өлместің күнін кешуде

Атырау облысында мүгедектер отбасы өлместің күнін кешуде

Атырау облысында мүгедектер отбасы өлместің күнін кешуде. Екі бірдей туабітті мүгедек баласы бар жалғызбасты ана енді өзі де төсек тартып жатып қалған. Қараусыз үй қазір қорадан бетер. Жарымжандардың жағдайынан жергілікті билік хабардар. Бірақ шенеуніктер түгілі бұл үйге жиіркенеміз деп дәрігерлер де ат ізін салмапты.

  • 13 Қазан 2015
  • 341
Фото - Caravan.kz

-Баспанадан гөрі атқораға көбірек ұқсайтын сұп-суық жеркепе. Ішер тамақ пен киер киімге жарымай отырған отбасы. Бір емес, бірнеше ауыр дертке шалдыққан отанасы. Аудандық басшылар өлместің күнін көріп отырған Ізімовтер әулетінің жағдайымен жақсы таныс болса да, осы уақытқа дейін саусақ ұшын да қимылдатпапты.

Бұрын да жағдайы мәз болмаған мына шаңырақтың жай-күйі отанасы төсек тартып қалғаннан кейін мүлде нашарлаған. 3 баланың екеуі мүгедек. Ал бас көтерген ұлы әркімге жалданып, күнін көріп жүр. Ас-суын өздігімен іше алмайтын үш мүгедектің жайынан дәрігерлер хабардар. Бірақ жиіркенеміз деп, Манардың үйіне біреуі де бас сұқпайды екен.

Қазір бұл шаңырақтың бар ауыртпалығын Манардың немере сіңлісі мойнына алған. Жергілікті басшылардан Айнагүлдің де беті қайтып қалыпты. 

Айнагүл Ізімова, Доссор кентінің тұрғыны:

-Әкімшілікке мен қанша рет бардым. Ренжиді, неге соғасың, неге шақырасың деп. Құттай шыдамадың ба, оларға өсек керек дейді. Біз жұмыстанып жатырмыз дейді, сонда неше ай бойына жұмыстанады? Жүректерінде иманы жоқ адамдар болып тұр ғой, мен түсінбеймін оларға!

Осы уақытқа дейін мүгедектердің мұңын тыңдамақ түгілі, есікке жолатпаған аудан басшылары бүгін бұл үйге тілшілермен бірге ере келді. Жағдайдан хабардар болса да, жылдар бойы жылы орындарынан қозғалмаған олар, қараусыз қалған әйелді дереу ауруханаға жатқызатын боп шешті. Үй мәселесін де жуықта шешеміз деп уәде етті.


Жақсылық Мүсенов, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:

-Биыл 3 қатарлы 60 пәтерлі құрылысын бастағымыз келіп отыр. Сол кезге негізі жоспарлағанбыз үй беру туралы. Тізім бойынша 236 болып тұр, кезегімен алады. Аудандық ауруханадан мамандар келді, қарап жатыр.

Және науқас анаға мүгедектік рәсімдеу мәселесін де жуықта шешеміз десті. Айта кетейік, Манар Ізімованың екі қызы да мүгедек: бірі аяғынан айрылған, екіншісі – туабітті мылқау. Ал, 23-тегі ұлы қара жұмыс жасап, азды-көпті тиын-тебенмен анасы мен қарындастарын асырап отыр. Ал отағасы ауыртпалықты көтере алмай бірнеше жыл бұрын тастап кетіпті.

Соңғы жаңалықтар