Жарияланды: 190

Атырауда қаржылық пирамида құрды деп айыпталған күдікті сот залынан босатылды

Атырауда «Playtcoin» деген қаржылық пирамида құрды деп айыпталған Жеңіс Қанахметов бүгін сот залынан босап шықты. Судья Гүлжиян Мутиева күдіктіге қатысты қозғалған істе қылмыстық құрамның болмауына байланысты оны ақтап, тәркіленген 2 «мерседес» пен 1 «крайслер» автокөліктерін иесіне қайтару туралы шешім шығарды. Ал бұл шешімді естіген 134 жапа шегуші аң-таң.

134  адамнан арыз түссе де, судьяның айтуынша Қанахметов тек халықпен бірлесіп, электронды сауда-саттық жасамақ болған. Тіпті, айыпталушы жалған жала жабылғанын айтып, мемлекеттен өтемақы өндіріп ала алатындығын да айта кетті.

Гүлжиян Мүтиева, судья :

-Жеңіс Батырғалиұлы Қанахметов ҚР ҚК-нің 195 бабының 4 бөлігінің 2  тармағымен оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты кінәсіз деп танылып, ақталсын.

Сондай-ақ алтын жалатылған мерседесімен қоса, тәркіленген тағы 2 көлігін де қайтарып берді. Сотқа келген 20 шақты атыраулық жәбірленушінің ұсқындарында таңданыс болса да, ешқайсысы ләм-мим деуге шамалары келмеді. Есесіне, сот отырысына қатыса алмаған өзге қаладағы жәбірленушілер наразылықтарын білдіруде.

Гузель Тастанова, жәбірленуші:

-Жеңіс Қанахметовке қатысты соттың шешімі бойынша  риза емеспіз. Себебі, біздің ақшамызды қайтарған жоқ, оны босатып жіберу, тәркіленген мүліктерін қайтарып беру –  заңның жоқтығы, сатып алып тұр ма, білмеймін.

Соттан Қанахметовті екі жылға бас бостандығынан айыруды сұраған мемлекеттік айыптаушы да мұндай шешімді күтпепті.

Қуаныш Шөмкенов, мемлекеттік айыптаушы:

-Ақтау үкімімен келіспейміз. Алдағы уақытта үкімді қолымызға алған соң 15 тәулік ішінде апелляциялық наразылық береміз.

Жеңіс Қанахметовтің қаржылық пирамидасынан зардап шектік деп 134 адам құқық қорғау орындарына арыз түсірген. Келген шығын көлемі – 83 миллион теңгеден астам деп бағаланды. Енді наурыз айынан бері абақтыда отырған ол сот залынан бостандыққа жіберілді.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін