Жарияланды: 620

Атышулы «Ахметов ісі» аяқталуға жақын

Атышулы «Ахметов ісі» аяқталуға жақын

Қарағанды қаласында бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Серік Ахметов пен Қарағанды қаласы және облысының бірқатар шенділеріне қатысты сот процесі аяқталуға жақын.

Қазіргі күні Қарағанды облыстық сотында тараптардың жарыссөзі өтуде, одан кейін сот үкімі шығарылар алдында 21 сотталушыға соңғы сөздерін айту құқығы ұсынылмақ.

Тараптар жарыссөзінің бірінші күні мемлекеттік айыптаушы Диар Әділов сот ісіндегі басты фигурант Серік Ахметовке қатысты оның мүлкін тәркілеп, 5 жылға жауапты мемлекеттік қызметпен айналысуына шектеу қоя отырып, 12 жылға бас бостандығын айыруды сұрады.

Сот барысында белгілі болғанындай, Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі қызметінде Қарағанды қаласының индустриялық паркінде ағынды суларды тазарту стансасының құрылысы барысында мердігер ұйымдарды таңдауға қысым көрсеткені белгілі болған еді. Бұл туралы тыңдау барысында сотталушының бірі «Центрстрой-комплект НС» ЖШС өкілінің бірі Әлжан Ақмолдаев айтып берген болатын. Ақмолдаевтың сөзінше, Ахметов 4 млн. доллар көлемінде пара талап еткен. Сонымен қатар Ақмолдаевтың өндірістік ағындыларды тазартуға қарастырылған чех құрылғыларын арзан отандық өндірістік жүйеге заңсыз ауыстырғаны анықталған.

Қарағанды Индустриалды паркінің ағын суларды тазарту жүйесінің құрылысы жалған құжаттармен жүргізілген. Тұтастай алғанда, жалпы сомасы 1,1 млрд. теңгені құрайтын қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жымқырылған. Айта кетерлігі, аталған нысан әлі де қолданысқа берілмеген, ал мемлекеттік сараптамасы инфрақұрым талаптарына сай келмейтіні туралы қорытынды жасаған.

Сот барысында тыңдалған аталған істегі тағы бір эпизод жылыжай кешенін жаңғырту жөніндегі әрекеттер болып табылады, әңгімелер ауанына қарағанда бұл да Ахметовке тиесілі.

«Топар жылыжайлары» ЖШС үшін құрылғылар сатып алу арқылы заңсыз табыс табу үшін испаниялық компания тартылған, онда келісімшарттағы сома әдейі көтеріліп көрсетілген. 

Осылайша, жалпы алғанда қылмысқа қатысушы тұлғалар тарапынан мемлекетке 1,1 млрд. теңге залал келтірілген.

Бұдан бөлек, Серік Ахметов өзінің ұлы Даниярға тиесілі «Сталь Цинк» ЖШС компаниясының мүддесіне қарай өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталуда. Бұл ретте Ахметов Қарағанды қаласының әкімдері Әбдішевке, Смағұловқа Қарағанды қаласына жарықтандыруға қажетті құралдар сатып алу үшін «Сталь Цинк» ЖШС-на көтеріңкі бағамен сатып алулар жасауға бірнеше рет нұсқаулар беріп отырған.

Жарыссөздің екінші күні сотталушы, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Адамбеков өз кінәсін мойындап, өзінің басшысы Әбдішевтің заңсыз тапсырмаларын орындағанын айтты. Бұндай заңсыз әрекеттерден мемлекетке 201 млн. теңге сомасында материалдық шығын келген.

Бұдан бөлек, Серік Ахметов Қарағанды қаласының көліктік-логистикалық кешені үшін жер учаскелерін бөлу барысында қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны фактісі бойынша да айыпталуда. Өзінің табысы мол бизнесін құру үшін жер заңнамасы бұзыла отырып, жалпы аумағы 38 гектарды құрайтын 7 учаске бөлінген. Бұл учаскелерде Ахметовтың тікелей бақылауымен көліктік-логистикалық кешен құрылысы жүргізілген.

Бұдан басқа, Ахметов үйлестіру кеңесінің төрағасы болып отырғанда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кешен инфрақұрылымының құрылысына бөлінген қаражаттан 282 млн. теңгені заңсыз жұмсағаны үшін де айыпталып отыр. Бұл туралы да Қарағанды облыстық сотында кейбір айыпталушылар мен куәгерлер айтқан болатын.

Жарыссөз барысында айыптаушы және қорғаушылар тарапы іске қатысты өз ұстанымдарының дұрыстығын сот алдында соңғы рет дәлелдеу мүмкіндігін иеленеді.

Сот тыңдауы барысында инциденттер де болмай қалмады. Мәселен, сотталушы Д.Нұрбаев Ахметов өкілдерінің тарапынан қысым жасалғанын мәлімдеген. Сонымен қатар істің бас фигуранты мен бірқатар сотталушыларға қарсы айыптау сөзін сөйлеген куәгердің бірі соққыға да жығылғанға ұқсайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін