Атышулы Березовка ауылын көшіру үлкен дауға ұласты - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атышулы Березовка ауылын көшіру үлкен дауға ұласты

Атышулы Березовка ауылын көшіру үлкен дауға ұласты

Батыс Қазақстан облысындағы аты шулы Березовка ауылын көшіру ісі дау туғызып жатыр. Кей тұрғындар демде жаңа пәтерге қол жеткізіп жатса, ал кейбіріне жақын күндері баспана бұйыратын түрі жоқ. Мұның себебін бұқара түсінбей дал. Тіпті, пәтерді үлестіру мен өтемақы беру жайы да көпшіліктің көңілінен шықпай тұр.

  • 1 Желтоқсан 2015
  • 208
Фото - Caravan.kz

Ақсай қаласындағы су жаңа үйге Березовка ауылының тұрғындары шетінен көшіп келіп жатыр. Кеше түнде төрт отбасы осында келіп жайғасыпты. Ал, ауылдағы өзге ағайындарға әлі күнге қоныс аудару жайында хабар жетпеген. Шенділердің жұртты бүйтіп бір-бірінен алалауын бұқара түсінбей отыр. 

Алина Жұмағалиева, Березовка ауылының тұрғыны:

-Бірінші поток деді, кетесің бәрі жақсы деген, әлі ештеме айтқан жоқ маған шешіп, не пәтер жоқ. Жұрт көшіп жатыр, білмеймін мен не істейтінімді. 

Жалпы саны 128 пәтерге 82 отбасы үмітті. Әр жанға 15 шаршы метрден бөлінуі тиіс. Ал, адам саны көп отбасыларға екі-үш пәтерден берілуі мүмкін. Бірақ, атқарушы биліктің сол баспаналарды ретсіз үлестіруі жұрттың ызасын туғызды. 

Полина Кожевникова, Березовка аулының тұрғыны:

-Не тізім жасалған жоқ. Бастапқыда жеребе тасталады деген. Ал, қазір кімге қалай ыңғайлы, қалауына қарай алып қойып жатыр. Жеребе тастап, бұйырғанын алады деп келіскен едік. Сонда ешкімнің өкпе реніші болмас еді. 

Березовкалықтардың көбі ауылдан тезірек көшіп кеткісі келеді. Себебі өткен жылы 20-дан астам оқушы бірінен соң бірі естерінен танып құлаған болатын. Ата-аналар бар бәлені жақын маңдағы Қарашығанақ кен орнынан көріп отыр. Алайда мамандар ұзақ уақыт тексеруден соң улы газды ақауы бар жылу қазандығынан тарағанын растаған. Дегенмен артынша жұртты көшіру процесі басталып кетті. Бірақ, атқарушы билік халықтың жапай қоныс аударуын төңіректегі кен орнының аумағын кеңейтумен түсіндіруде.


Қайрат Өтегенов, Бөрілі ауданы әкімінің орынбасары:

-Тұрғындар бекерге даурығады. Құжаттың дайын болуына қарай көшіріледі. Ұсақ-түйек қағазбастылық көп әлбетте. Сол құжаттары реттеліп болса, көшіруде еш қиындық жоқ. Оған тұрғындар шыдамсыздық танытуда.

Шенеуніктер күніне 4-5 отбасыны көшіреміз деп сендіреді. Ал, 2018 жылға дейін ауылда бірде -бір тірі жан қалмауы тиіс.