Әзербайжан мұнай кенішіндегі өрттен қаза болғандарды іздеу үшін көмек сұрады
![]() |
Әзербайжан Каспий маңы елдерінің шекара қызметіне «Гюнешли» кенішінде болған оқиғадан қаза тапқандардың денесін іздестіруге көмек сұрады. |
Бұл туралы жексенбі күні Әзербайжан Мемлекеттік мұнай компаниясының вице-президенті Халиг Мамедов баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді, деп жазады ТАСС.
«Мемлекеттік мұнай компаниясы Қазақстан, Түркіменстан, Ресей мен Иран шекара қызметіне апат салдарынан қаза тапқан адамдардың денесі олардың аймағына шығып кеткен жағдайда қол ұшын созуды сұрады», – деді ол. Мамедовтің сөзіне қарағанда, қатты ағыс пен толқын адамдардың денесін басқа жаққа ағызып алып кетуі мүмкін.
Компанияның вице-президенті сонымен бірге қазіргі кезде 29 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында екенін айтты. Оларды іздеуге Мемлекеттік шекара қызметінің үш тікұшағы мен ТЖМ 4 тікұшағы жіберілді. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Этибар Мирзоевтың айтуына қарағанда, іздеу-құтқару жұмыстарына 15 кеме жұмылдарылған, оның екеуі сүңгуір.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін