Жарияланды: 390

Б. Байбек Бельгиядан келген бизнес-делегациямен кездесті

Б. Байбек Бельгиядан келген бизнес-делегациямен кездесті

Кеше Алматы әкімі Бауыржан Байбек Бельгиядан келген бизнесмендер делегациясын қабылдады. Делегацияны ҚР-дағы Корольдіктің Төтенше және Өкілетті Елшісі Мишель Питерманс басқарды.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, кездесуде бельгиялық бизнесмендер олардың Алматыға жасаған сапарының мақсаты - ықпалдастықтың барлық саласы бойынша ынтымақтастықты нығайту және ынталандыру екенін айтты. Олардың ішінде қала көшелерін жарықтандыру, қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту және т.б. жобаларды жүзеге асыру бар.  

Мегаполис басшысы екіжақты ынтымақтастықтың экономикалық мүмкіндігін әлдеқайда тиімді пайдалануға болатынын атап өтті.  Бүгінде Алматыда 7 бірлескен және бельгиялық капиталдың қатысуымен 15 кәсіпорын жұмыс істейді. Осыған байланысты Б.Байбек Алматыда өзара тиімді жобаларға инвестиция құю үшін барлық жағдайлар жасалғанын айтты.   2020 жылға дейін Алматыны дамыту бағдарламасында басымдықтардың бірі ретінде шетелдік капиталды тарту белгіленген.

«Бүгін Елбасының Бес институционалдық реформасы аясында Парламент 80-ге жуық заң қабылдады, 1 қаңтардан бизнестің, мемлекеттік-жеке серіктестіктің дамуына жол ашатын жаңа құқықтық алаңға аяқ басамыз.  Бизнес «бір терезе» қағидаты бойынша түрлі рұқсат қағаздарға қол жеткізуі үшін үдерістерді жеңілдетіп жатырмыз. Біз үшін еуропалық инвестициялар тарту маңызды», - деді әкім.

Кездесу соңында делегация мүшелері әкімді қабылдағанына алғыс айтып, ынтымақтастықтың бағыттары мен серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін