Жарияланды: 520

Байқоңырдан "Союз-ТМА-3" пилотты ғарыш кемесі ұшырылмақ

Байқоңырдағы "Энергия" зымырандық-ғарыштық корпорациясының құрастыру және сынақ корпусында "Союз-ТМА-3" пилотты ғарыш кемесін ұшыруға дайындық жұмыстары басталды. Федералдық ғарыштық орталықтан KZ-today тілшісіне хабарлауынша, Халықаралық Ғарыш станциясына жол тартатын сегізінші негізгі экспедицияны ұшыру мерзімі 2003-жылдың 18-қазанына белгіленді.

"Союз-ТМА-3" пилотты ғарыш кемесінің командирі болып Александр Калерин, бортинженері болып АҚШ-тық астронавт Майкл Фоул бекітілді. Бұл ғарышкерлер бұған дейінгі экспедицияның дублерлері болған еді. Бұлармен бірге Орбиталық станцияға испандық ғарышкер Педро Дуке де аспан кеңістігіне жол тартқалы отыр. Еуропалық ғарыштық агенттігінің бағдарламасы бойынша жүргізілетін ғылыми зерттеу жұмыстарына арналған жабдықтар Халықаралық ғарыш станциясына жеткізіліп үлгерді. Федералдық ғарыштық орталықтың ақпаратына сәйкес, "Союз-ТМА-3" ғарыш кемесінің корабльді Жерге қондыруға жауап беретін жабдығы толықтырылып жөнделді. Жөндеу жұмыстары "Союз-ТМА-1" ғарыш кемесін баллистикалық тәсілмен жерге қондыру барысында орын алған ақауға байланысты құрылған ведомствоаралық комиссияның ескертпелері негізінде жүргізілді. Осы орайда естеріңізге сала кетсек, 2003-жылдың мамыр айында "Союз-ТМА-1" ғарыштық кораблін жерге қондырған кезде қиындықтар туындағаны белгілі. Сол кезде ғарыш кемесі белгіленген аймақтан 500 шақырым жерге қонған болатын. Соның салдарынан Ресей-Американдық бірлескен экипаж құрамы құтқарушыларды бірнеше сағат бойы күтуге мәжбүр болған еді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть