Белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан тарихи драма жазбайтынын мәлімдеді
![]() |
Белгілі жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Думан Рамазан енді тарихи драма жазбайтынын мәлімдеді. |
Жазушы бұл мәлімдемесін өзінің Фейсбуктегі ресми парақшасында жариялаған.
«Енді тарихи драма жазбаймын!..
Мені кейінгі кездері тарихи драмалар жазғаным үшін де кінәлайтындардың қатары қылаң бере бастады... Осыны түсіне алмай-ақ қойдым... Мен тарихи шығармаларды еріккеннен жазды деп ойлайды-ау деймін. Ұлтыма, халқыма адал қызмет етіп, жырым-жырым болған ата-баба тарихын түгендеуге үлес қоссам деген ізгі ниет еді бұл... Осынау қасиетті жерімізді жатжерлік басқыншылардан қызғыштай қорып, тері мен қанын аяусыз төгіп, тіпті керек болса жанын берген ардақты ата-бабалардың рухына тағзым етіп, ерлігін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруге деген талпыныс еді бұл... Сол арқылы жас ұрпақтың бойына ерлік пен намыстың отын жағып, елі мен жерін сол ата-бабаларындай сүйіп, қорғай білуге үндеу еді бұл... Ол үшін не керек? Әрине, үлгі тұтар қайраткерлер, ұстын болар тұлғағалар керек! Олар кімдер? Берісі Кенесары, Абылайлар, әрісі Керей мен Жәнібектер... Кешегіні айта отырып, бүгінгіні сақтандыру еді бұл... Өткеннің қателіктерін қайталамауға, бір күйген отқа қайыра күймеуге шақыру еді бұл... Жауыңның кім, досыңның кім екенін сездіру еді бұл... Өйткені, қауіп әлі сейілген жоқ... Қазақтың ұлын - құлақкесті құл, қызын - жалтаңкөз күң еткісі келетіндер әлі де баршылық... Елдігіміз бен тәуелсіздігімізге де көзалартып отырғандар бар... Атын айтып, түсін түстемей-ақ қояйын... Оны мен ғана емес, барлықтырыңыз көріп-біліп отырған шығарсыздар... Іш қыз-қыз қайнайды, атой салып, Абылайшылап атқа қонар дәрмен жоқ... Бірақ, солай екен деп қарап отыруға тағы болмайды, сол қауіптерден САҚТАНДЫРУ, ЕСКЕРТУ менің қаламгерлік парызым, борышым, міндетім... Өйткені, қазақ - ұлы халық... Әлі талай «елім, жерім» деген Абылайлар мен Кенесарылардың шығарына ешқандай күмәнім жоқ!..
Осындай ізгі ойлардан туған шығармалар еді... Бірақ, оны да дұрыс түсінбейтіндер бар екен... Қайтерсің! Кімнің аузына қақпақ қоярсың! Тек, сол сыпсың сөздерді естімеу үшін енді бұдан былай тарихи драмалар жазбауға бекіндім... Ұлы тұлға Әлихан Бөкейханға сахналық ғұмыр сыйласам ғой деген арманым бар еді... Ұлтқа адал қызмет етті ғой... Бірақ ол ойымнан да айныдым... Нақтылап айтсам, айнытты... Атақты режиссер Қуандық аға Қасымов «психологиялық драма» жазып берші» деп көптен бері қолқалап жүр... Өзімнің досым, Қаллеки театрының басшысы, дарынды режиссер Болат Ұзақов «Көш» атты әңгімеңнің негізінде философиялық дүние жазып берші» деп өтініп жүр... Сондықтан енді осы шығармаларға кіріспек ойым бар... Ал менің сырттай сынағыш сыншыларым қолдарыңды ысқылап, тағы да сыпсың сөз таратуға дайындала беріңдер... Сендерге соны қалдырдым... Мен не істейтінімді айттым, ал сендердің бітірерлерің «сол» болсын!.. Сендер үшін ол да бір үлкен жұмыс қой!..» - деп жазылған драматургтің парақшасында.
Айта кетейік, Думан Рамазанның «Кенесары- Күнімжан», «Абылай ханның арманы» , «Керей-Жәнібек» тарихи драмалары республикамыздың барлық театрларында сахналанып, көрерменнің көзайымына айналып үлгерген еді. Сонымен бірге Түркия астанасы Анкара мен Стамбұлда «Кенесары-Күнімжан» драмасы қойылған болатын.
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау да Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» драмасын тамашалаумен басталған еді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін