Жарияланды: 2500

Білім беру жүйесін реформалау қажеттігін сала қызметкерлері айқын ұғынады - Ж.Құлекеев

Бүгін, 16-қаңтарда Алматыда білім беру жүйесі қызметкерлерінің республикалық кеңесі өтіп, онда 2015-жылға дейін білім беру жүйесін дамытуға арналған тұжырымдама жобасы талқыланды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Кеңеске қатысқан ҚР білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев тұжырымдама жобасының басымдық берілетін тұстарына тағы бір тоқталып өтті. Ол құжаттың қабылдануы нәтижесінде жүйе аясында пайда болатын жаңалықтар туралы әңгімеледі. Атап айтсақ, білім және ғылым министрі тұжырымдамада бес сатылы оқыту жүйесіне көшу көзделіп отырғанын, жүйе бастауыш білім- орта білім- орта білімнен кейінгі білім- жоғары білім- жоғары білімнен кейінгі білім деген сатылардан тұратынын айтты. Тұжырымдама жобасына сәйкес, қазақстандық балалар алты жастан бастап мектеп табалдырығын аттайды, толық орта білім игерген жағдайда оқу мерзімі 12 жыл болмақ. Ж.Құлекеев осы орайда 12 жылдық білім беру жүйесі әлем елдерінің басым бөлігінде қолданысқа енгізілгенін атап өтті. Ал 11 жылдық білім беру жүйесі бұрынғы Кеңестік республикалардың тәжірибесінде ғана қолданылады деді ол. Министр 12 жылдық білім беру жүйесінің артықшылықтарын санамалады. Соның ішінде орта білім игерудің ең жоғары сатысы болып табылатын 11 және 12-класстарда профильдік білім игеру мүмкіндігі ерекше аталды. Құжат бойынша коллеждерде оқып білім алу - орта білімнен кейінгі білімге саналады. Ж.Құлекеев бұл ретте аталмыш білім ошақтарындағы оқыту технологиясы түбегейлі өзгертілуі тиіс екенін атап өтті. "Қазіргі колледждер өз түлектерін жоғары оқу орындарына түсуге ғана дайындайды, ал шын мәнінде осынау білім ошақтары орта білімді мамандарды оқытып шығаруы тиіс",- деді министр. Ол алдағы уақытта колледж түлегін бұрынғыдай жоғары оқу орнының бірінші курсына емес, бірден үшінші курсына қабылдау жөніндегі норма қолданысқа енгізілетінін хабарлады. Тұжырымдамаға сәйкес, жоғары білімді бакалавриат бағдарламасы арқылы игеруге болады. Ал жоғары білімнен кейінгі саты магистратура мен докторантурада оқып PhD дәрежесін (философия докторы) алуды қамтиды. Білім және ғылым министрінің айтуынша, жоғары білім беру жүйесі еліміздегі қазіргі экономикалық және саяси ахуалға артықша бейімделген болуы тиіс. Еліміздің ғылыми әлеуеті де анағұрлым артуы тиіс дей келіп Ж.Құлекеев жоғары білім беру саласындағы кәсіптік мамандандыру деңгейі мейлінше кең ауқымды қамтуы тиіс екеніне тоқталды. Елімізде таяу жылдарда енгізілетін жаңа білім беру жүйесінің ерекшеліктерін таныстыру соңында білім және ғылым министрі білім беру жүйесін реформалау қажеттігін саланың барша қызметкерлері айқын ұғынып отыр деп атап көрсетті. Бұл дәйекке дәлел ретінде Ж.Құлекеев тұжырымдама жобасын талқылауға арналған аймақтық кеңестер мен кездесулерде құжат бойынша 120-дан астам ұсыныстар мен ескертпелер келіп түскенін атады. Ендігі кезекте арнайы құрылған комиссия барлық ұсыныстарды ескере отырып тұжырымдаманың ақырғы нұсқасын дайындауы тиіс. Ақпан айының басында Астанада білім беру мекемелері мен аймақтық білім беру басқармаларының өкілдерін, танымал ағартушыларды қатыстыра отырып тағы бір республикалық кеңес өткізу межеленді. Министрдің хабарлауынша, Тұжырымдама жобасын талқылауға арналған жұмыстар 24-ақпанда аяқталады. Сол күні құжат үкіметтің қарауына тапсырылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін